28.08.2022
86
Білдің, білдің сол жерден өтерімді...
Білдің, білдің сол жерден өтерімді,
Сүйдім іштей беріліп от ерінді.
Менің лебім лебіңе қосылды да,
Бəлкім, содан қызуың көтерілді.
Көтерілсін қызуың, көтерілсін,
Лапылдаған сезімнен от өрілсін.
Дүниеде егерде сен болмасаң,
Ғашықтық не?
Біле алмай өтерім шын.
Пенделіктен жоқ-барға алданбай-ақ,
Жану керек жанған соң жанғандай-ақ.
Қайда апарып қоямыз қу жүректі,
Ғашық болу дертінен қалғанда аяп?!
Дүниенің жауһарын, жаһұтын да,
Жан-патшаның тəжін де, тақытын да
Іздемедім өмірден,
Сенсің жаным, –
Менің барлық байлығым, бақытым да!
Өтіп күндер,
Жылдар да кетіп жатыр,
Қайырылмасқа шетінен кетіп жатыр.
Басқа адамдар іздесе, іздер бəрін,
Маған сені сүйгенім жетіп жатыр,
Маған сенің сүйгенің жетіп жатыр!