ҒАШЫҚ БОЛУ – КҮНƏ ЕМЕС
Сен биікте,
Мен сəл-сəл аласалау,
«Аласалау тұрып бір қарасам-ау»
Деуші едім,
Қолың жетпес шың-асуды
Ғажап қой алыс тұрып тамашалау.
Қиян асу, биік ең көңілімде,
Заңдылықтай ұққанмын оны мүлде.
Сен болмасаң, бір нəрсе жетпейтіндей
Болады да тұрады өмірімде.
Ғашық болу –
Бағы əлде соры адамның?..
Жеткізе алмай ойымды саған əр күн,
Сан қиялдың кетемін жетегінде,
Сен менің жүрегімді жаулап алдың.
Жанар тауы жанымның атылар да,
Күл-талқан боп бұзылар ақыл-арна.
Мен тасысам телегей теңіздеймін,
Əкетермін ағызып,
қапы қалма.
Өмір деген бұрылыс-бұралаңда
Қолың жете бермейді сұрағанға.
Əділ деген табиғат біреулерге
Үйіп-төгіп бір берсе, бəрін беріп,
Түк те бермей қояды бір адамға.
Табиғаттың ерекше бір сыйы едің,
Табатындай жанымның сыршыл емін.
Өмірге келгенің не,
кеткенің не –
Өзің сыңды болмаса шын сүйерің.
Бітпейді əуен,
Жетердей бар ғұмырға,
Əнмен тербеп оятасың таң нұрын да.
Қандай бақыт?
Ал менің сондай бақытым –
Мына сенің өмірде барлығың да!
Сынбас жерде сыр беріп сына бермей,
Сүйсең рас,
Сүйсең ғой мына мендей.
Аңсатып-ақ қоясың,
Атқан таңдай
Қарсы алдымнан ақ нұр боп шыға келмей.
Армандаған шыңдағы шынарым сен,
Шын бақыт,
Шын байлығым,
Шын арым сен!
Күнə болса, сүйе алмау – күнə шығар,
Ғашық болу – күнə емес, ұға білсең!