28.08.2022
  95


Автор: Есләм Зікібаев

БЕКЕР ЕКЕН

Əдейі шыдап көрдім –
Бірер күндей қасыңнан жырақ кетіп,
Өзіңмен кезікпеуге шын-ақ бекіп.
Бірақ та жазық жерде əзер жүрдім,
Күйрердей шың басынан құлап кетіп.
Əдейі сынап көрдім –
Сынап көрдім темірдей төзімімді,
Осал екен ол дағы,
Тез үзілді.
Жылт еткен жарық сəуле сен бе екен деп
Тұңғиық қараңғыға көз үңілді.
Кім біліпті сезімнің сый-бағасын,
Кер маралдай кербезім,
Қима қасым,
Шаққан мұңым жаныма сыймағасын.
Ішкі дертті былайғы ел елемейді,
Не демейді –
Тек өзің қиналасың.
Не болды сезімді қинағанмен,
Бастан кешпей,
Басқа айтса иланар ма ем?
Көп ішінен көңілім сені іздеді
Кезіксем де қаншама сыйлы адаммен.
Бар ұққаным –
Сен жүрген жер Жерұйық, Меккеге тең,
Өзің болсаң,
Бəрі де жетеді екен.
Сенен жырақ күн кешсем,
Ұмытам деп
Ойлағаным əншейін бекер екен.





Пікір жазу