28.08.2022
101
Тəтті ұйқының құшағында...
Тəтті ұйқының құшағында,
Түн көрпесін жамылып
Жатырсың сен,
Құса-мұңға
Мен отырмын малынып.
Сəл ғана бір езу тартып,
Күлкі үйіріліп жүзіңе,
Көңіл балқып,
Сезім шалқып...
Қарайтындай үзіле.
Көрінесің, қайдам, жаным –
Қиял шығар тəтті бір.
Өзіңменен сайран жазым,
Өзіңменен шат ғұмыр.
Тіршіліктің несі қызық,
Өтер болсақ суысып.
Бар ғұмырдың кесіп, үзіп
Бал ерініңнен у ішіп.
Кетем мəңгі оралмасқа,
Жүректерге мұң артып.
Бар ма амалым одан басқа
Шарқ ұрардай құмартып.
Бір жағым – су,
Бір жағым – от,
Қыл көпірі тамұқтың.
Өн бойымды кіл жалын өрт
Кеулеп алды,
Жаңа ұқтым!
Кетермісің тез ұмытып,
Сенсіз ғұмыр жоқ маған.
Тас бұлақтай көзі бітіп
Орта жолда тоқтаған.
Тіршілікте нелер сын көп,
Күш-қуатым жете ме?
Желеушім боп, жебеушім боп
Өзің алға жетеле!