28.08.2022
  119


Автор: Есләм Зікібаев

ТҮС КӨРІП

Түс көріп тұрдым,
Тағы да бүгін түс көріп,
Сезімнен сол бір құтылу қазір күш болып
Тұрғаны-ай, дүние –
Өзіңе қарай ақ бұлттың,
Ара-арасымен келемін самғап құс болып,
Сезімнен сол бір құтылу əбден күш болып.
Шағылып күнге жарқ-жұрқ еткендей қанатым,
Қағамын жылдам, таусылып төзім-тағатым.
Үмітті дəйім көңілге қуат еттім де,
Ұмыттым бəрін кезде де қанат талатын,
Таусылып төзім-тағатым.
Аңсадық, жаным,
Айту да қиын мұндайды,
Жүректі жүрек үнсіз тұрып-ақ тыңдайды.
Созады қолын біріне бірі сезімдер,
Сағыныш келіп құяды жанға мұң-қайғы,
Айту да қиын,
Айтпау да қиын мұндайды.
Алатауымның таласып ала таңымен,
Түс көріп тұрдым,
Түс көріп тұрдым тағы мен.
Жаныңды ұғып ақынның аппақ жанымен,
Кезікпей келген бақытым-ау деп танып ем,
Кезігу деген өң мен түстей-ақ сəт пе еді –
– Хош! – деудің қиын болып тұрғаны-ай бəрінен.
Өн бойда діріл,
Бір суып, тағы бір ысып,
Байлаулы тілдер жанардан ғана ұғысып,
Үн қатпай –
Жəне тыңдатпай оны ешкімге,
Кетер ме екенбіз жарасып, жарқын күлісіп?





Пікір жазу