Əлде сен бақытым ба ең армандаған...
Əлде сен бақытым ба ең армандаған,
Көрінген жұлдызым боп алдан маған?
Əлде бір сиқыршы ма ең кететұғын,
Зағиптай адастырып тал қармаған.
Білгім келеді –
Бірақ та біле алмадым,
Еркімді ұрлап менің кім алғанын.
Сенің түпсіз тұңғиық жанарыңнан
Ұқсам деп жан сырыңды құмарландым.
Сөзге ұста,
Тілге шешен жүйрік емен,
Ұқтырам жан сезімін, күйді немен?
Болар ма албырт жастық арашашы
Бір сөзді қайталасам «сүйдім» деген.
Кім білсін,
Жақсы үмітім жанымдағы –
Арын ба басылмайтын,
Жалын ба əлі?
Жасырып қарай берем жанарына –
Табардай бақытымды, бағымды əрі.
Өзіңдей сағындырған көптен бері
Тағы да көкорайлы көктем келді.
Тербеліп ауламдағы алма ағашы
Есіме салады əр кез өткендерді.
Білмеймін, тереземнің пердесіне
Ғашық па,
Аймалайды жел несіне?
Ақ бұлттай аспанымды жел үрлеген
Ақ жібек орамалың келді есіме.
Жүрсең де қазір менен шалғайда сен,
Сазды үнің құлағымнан қалмайды əсем.
Тыңдауға жалықпайын өмір-бақи
Бұлбұлым болып өзің сайрай білсең.