28.08.2022
129
ТҮСІНБЕДІҢ СЕН МЕНІ
Өкініш пе бұл өзі жанды арбаған,
Қалай ғана кезінде аңғармағам?
Мүсəпірдей, əйтеуір, тал қармаған,
Сені ойлаумен түн бойы кірпік ілмей
Атыратын болдым-ау таңдарды əман.
Кінəласып қайтеміз –
Кінəласып ...
Кім жөн тапты,
Белгісіз –
Кім адасып? ...
Көз көрмейтін таулардан бір-ақ асып
Кеттің, қалқам,
Содан да кірпігіме
Сені ойласам,
Түседі күнара шық.
Кеттің асып қиямет, зұлыс-таудан,
Қалдым зар боп лебіңе тыныстаудан,
Басымыздан бақ та ауған,
Ырыс та ауған,
Соның бəрі ...
Жалғыз-ақ ұғыспаудан.
Мəуелеген көңілдің көк терегі –
Сен бар кезде ...
Қысым да көктем еді.
Түсінбедің сен мені,
Мен де сені.
Басқа кінəм жоқ, қалқам,
Сөкпе мені,
Бар айыбым –
Сөзімнің өтпегені.