28.08.2022
  89


Автор: Есләм Зікібаев

АҚ САҒЫМДАЙ

Əр нəрсенің бола ма шын кезегі,
Сені көрдім,
Көрмейтін-ақ кез еді.
Беймезгілдеу болса дағы, жүрегім
Алабұртып əлденені сезеді.
Өзің айтшы ақылыңды,
Не істермін –
Тоқтар емес ағын судай ескен күн.
Əнім болып айтылмаған кеш келдің,
Таңым болып ата алмассың,
Кеш көрдім.
Бекер көрдім,
Керек еді-ау көрмеуім,
Кінəм емес бірақ, қалқам, ол менің.
Арманым боп өмір бойы қалатын
Айдындағы ақ сағымдай көлбедің.
Ақ сағымдай –
Қолға түспес армандай,
Найзағай боп бір жалт ете қалғандай.
Сұлулыққа сұқтандырып, ардағым,
Жүр жадымда –
Өмір бойы жанды арбай.





Пікір жазу