28.08.2022
104
САҒЫМ-БЕЙНЕ
Күнде өтем,
Терезеңде гүл тұрады,
Бір бейне көлбеңдейді ілкім əрі.
Білмеймін сол бейненің кім екенін,
Көрсем деп көңіл шіркін ынтығады.
Сол бейне – ашылмаған жұмбақ əлі,
Жанымның содан ба екен жырлағаны.
Сығалап шəй перденің ар жағынан,
Сыналап саңлауынан кім қарады?
Сыналап саңлауынан кім қарады,
Көңілдің тарқамай тұр шырғалаңы.
Үф еткен сал самалдың лебіменен
Дірілдеп сағым-бейне ырғалады.
Күнде өтем,
Осы арадан күнде өтемін,
Аялап терезеңді – гүл мекенін.
Сезсең ғой менің нəзік жүрегімнің
Өзіңнің жүрегіңмен бірге екенін.
Құмарлық шында адамның жанын жей ме,
Атады сені ойлаумен таңым кейде.
Сығалап саңлауынан терезенің
Шақырып тұратындай сағым-бейне.