28.08.2022
  105


Автор: Есләм Зікібаев

ЕРКЕ ЕСІЛ

Жатырсың көз алдымда жайлап ағып,
Кім білсін тынарыңды қайда барып.
Күмістей айдыныңда
Ойнайды шолпылдатып майда балық.
Жүзіндей жарқыраған шар айнаның
Жалтырап жатқан əр кез бар аймағың.
Толқының жел тербеген жарды сүйіп,
Үлпілдек ақ мамықтай тарайды ағын.
Құрбыдай сырлас болған тек сенімен
Күнде кеп отырамын кеште бір дем.
Тереңге кетеді үркіп ақ қайраңдар
Мазасыз қайықшының ескегінен.
Өзіңмен тілдесуге əзір жандай,
Бетіңе жыр кестесі жазылғандай,
Үңіліп тұнығыңа көп қараймын,
Керегім тереңінен табылғандай.
О, Есіл-ерке өзенім, анам менің,
Шаршасам сенде менің алар демім.
Жақсының көңіліндей кір шалмаған
Білмеймін, тұрған соң ба жағаңда елім.
Жаныма тым жақынсың бауырымдай
Өзіңмен бір сияқты алар демім.





Пікір жазу