28.08.2022
  183


Автор: Есләм Зікібаев

Қызуымен бүгінгі алған ақшаның

Қызуымен бүгінгі алған ақшаның
Мерекені сыра ішуден бастадым.
Қонақ болсаң студенттің үйінде
Білер едің жан сырының астарын.
Дос-құрбыммен ойнадым да, күлдім де,
Жетер дедім алған ақшам бір күнге.
Сыбырлады студенттік намысым –
Жан қалтаңның таяздығын білдірме.
Бай адам да жоқ, бір өзімдей алып та,
Тойып алдық сыраға да, тамаққа
Осындай мінезі бар жігітті
Жарат мейлің, жақсы құрбым, жаратпа.
Секілденіп қаныраған құр кесе,
Бір сом қалды-ау тиынымен бірнеше.
Ұялам-ау келіп дереу сүйіктім
«Кеттік, кəне, театрға жүр» десе.
Қызықтар көп айта қалсаң бір баста,
Кезі жоқ тек көңілдерді кір басқан.
Ой-хой, шіркін, студенттік əр күн
Жаза білген жақсы ақынға бір дастан.





Пікір жазу