28.08.2022
  129


Автор: Есләм Зікібаев

ШЫН ДОС КЕРЕК

Бала күнгі достардың көбісі елде,
Қандай жақсы сағынып көрісерде.
Шартарапта шарқ ұрып жүрсек-тағы
Аунап-қунап қайтатын өріс ерге.
Керек емес жаныңа еш қарасың –
Өзімсініп кей-кейде кеш барасың.
Ішпей-жемей көңіліне мас боласың –
Талай қызық күндерді еске аласың.
Қыран құстай сыпырған томағасын,
Дүр сілкініп сол сəтте оңаласың.
Бəрін-бəрін ұмытып,
Алаңы жоқ
Балалыққа қайтадан ораласың.
Ораласың қиялдың құшағында,
Ойлап тұрсам,
Сонда екен күш, арын да.
Бөбегіндей қайтадан өбектейді
Тұғыр болған туған жер ұшарыңда.
Демесе де оныңды өнер ешкім –
Көз алдыңда келбеті көне көштің.
Қысқа күнде қанша рет татуласып,
Достарыңмен қанша рет төбелестің.
Соның бəрін қызықтап,
Еске аласың –
Еске аласың,
Білсең де кеш бағасын.
Өткен күндер өзектен кетеді асып,
Көрсетпейді қусаң да еш қарасын.
Бірге өскен құрбы-құрдас өріс ерге,
Аңсап барам,
Бағыма көбісі елде.
Қандай жақсы қауышып көрісерде.
Қуанышты,
Кей-кейде қайғыны да
Шын дос керек үлесіп бөлісерге,
Менің бағым –
Солардың көбісі елде.





Пікір жазу