ҚАРТАЙМА, АҒА!
(С. Мұқановтың 60 жасқа толуына)
Бөгеттің ешқайсына аялдамай,
Өтеді жылдар жылжып, аяңдап ай.
Тірліктің тыпыршыған қызығымен
Бірін де қаламыз-ау,
Уай, аңдамай!
Өмірдің оқып өзі мектебінен,
Сабақ алған тағдырдың от лебінен,
Сəбеңді құттықтайды əлем бүкіл –
Алпыста балауса атқан көктемімен.
Жыр тұнған кеудесінің ақ сандығын,
Көп сырға кенелер-ау ашқан бүгін.
Жаны – жайлау Сəбеңдей кең пейілді
«Аталап» құрмет тұтпас ақ шалды кім?
Алпыстың тұрса да асып адырынан,
Қартайып мұқамайтын жаны – гүл жан.
Тастаса көз қиығын төңкеріп бір
Табылар Бəтестердің саны қырдан.
Келеді Ботакөзі Асқарымен,
Шырқатып шаттық əнін асқақ үнмен.
Қуантты Сəбең тағы оқушы елді
Мөп-мөлдір махаббаттың дастанымен.
Уа, Сəбе, өз орның бар əр қайда да,
Əкесіз Сұлушаш пен Алтайға да.
Өр елдің Сізден күтер жемісі көп,
Алпыс тұрып, жүзде де қартайма, Аға!