28.08.2022
  96


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАППАР АҚЫН

Жаппар ақын –
Қылығымен халқына жаққан ақын,
Жыр жазса,
Сылаң жігіт баптанатын,
Сыр айтса,
Көп жиылмай шақталатын,
Алпыстың асқарында қалықтайды
Кең жайып шабыт-сезім ақ қанатын.
Сезеді кейінгі ұрпақ кемел оймен
Жүретін «Əліппелерден» жаттап атын.
Қашан да қарапайым – қыз қылықты,
Көтерген ар туындай ізгі үмітті.
Ағысқа романдарын қарсы салып,
Айдында ақ желкенін жүздіріпті.
Жасынан жалындаған жігерлі ерен,
Қайысып қиындықта түнермеген.
Нүркендермен кетуге қатар ұшып,
Жалғыз-ақ көзəйнегі жібермеген.
Іздегені жолынан табылды мың –
Өмір шетке қаққан жоқ дарынды ұлын.
– Тəубе! – деді төбесі көкке жетіп,
Құшты дағы «Батырдың қалыңдығын».
Жəкең – жігіт,
Аздаған шалдығы бар,
Қара шашын қыраулап шалды мұнар.
Сонда дағы жаз шықса спринтер,
Қыс кезінде ғаламат шаңғықұмар.
Артықтығы былайғы ілік-жұрттан:
Шарап жұтса шамасын біліп жұтқан.
Инфаркт дегенді де осы Жəкең
Спорттың сойылымен ұрып жыққан.
Бұл ұлы сырым еді бір естіген
Жанына Жəкең талай ілестірген.
Көңілденген кезінде жаңбырды да
Колхоздарға шелектеп ілестірген.
Таңдантып аға, іні, қарындасын...
Қазақтың танытсам деп балғын басын,
Москвада алқалы топ алдында
Давидтің қаңырайтқан қабырғасын.
Құйғытып құрық тастап түзде асауға,
Əлі де алатындай қызға сауға.
Бұл Жəкем талайларды тамсандырып,
Міндетті Жəкеңе ұқсап жүз жасауға!





Пікір жазу