28.08.2022
  130


Автор: Есләм Зікібаев

АРМАН АЛДА

Дүниені оймен орап түн қатып,
Жан жүректі жылатып бір жырлатып...
Ойдың терең тұңғиығы босатпай
Бірде шығып, бір батып
Сөз желкенін алып жүрген Ағаға
Іні болу біле алғанға – Шын Бақыт!
Ойлар, ойлар...
Көшкен бұлттай шұбаған,
Бар күшіңді, болмысыңды сынаған.
Жаратқанның жазғаны сол əу баста –
Шет-шегіне шыға алмаған бұл адам,
Тумысыңда тəңір берген сыбағаң!..
Тауыссаң да кірпік ілмей көз майын,
Ойдағыңмен орайласпай сөз дəйім
Бойды күтпей,
Ой күзеткен шын ерлер
Кейде ұмытып кете берер өз жайын.
Мансап шіркін биіктер де төмендер,
Мойып оған шөкпес тұста шөгер ме ер.
Қай деңгейде жүргенде де, Жұмеке,
Шын биіктен көріп жүрді өреңді ел,
Шын биіктен көріп жүрді өреңді ел,
Аман қалып сайыста əман ер аға,
Қиын күнде майыспаған ер аға,
Құйын күнде қайыспаған ер аға,
Сендей ұлды ұлтқа ұлағат деп, аға,
Жүрегінде тербетті ылғи Ел-Ана!
Жанды жерін қаламгердің қозғайын –
Ойламайсың деп –
Озайын, озбайын!
Жерлеріне жетер-жетпес діттеген,
Кейде адамды қапылыста күтпеген
Тұйықтардан шығады алып сөз дəйім.
Жанталасып жүрмесең де жан үшін,
Шықсам дейтін биігіңнің бəрі шың.
Қорғаймын деп сөздің арын, намысын
Отқа түсіп, суға кетіп қалардай
Күйіп-пісіп жүретінің тағы шын.
Алмағайып көріп уақыт тепкісін,
Жалған айып мұқалтпаған тектісің.
Аларыңды ап,
Алдырарыңды алдырып...
Пайғамбардың жасын артқа қалдырып,
Аман жеткен құтты болсын Жетпісің!
Əлі алдыңда талай биік асар бел,
Арманменен күн кешеді қашан да ер.
Етек-жеңін еркін жиып болмаған,
Таза күнің қазағыңның бағына
Жаса, Жаса, Жасай бер!





Пікір жазу