28.08.2022
  88


Автор: Есләм Зікібаев

Өмір деген бəз қалпында тұрмайды –

Өмір деген бəз қалпында тұрмайды –
Алмасады бір қуаныш, бір қайғы.
Күндеріңді, гүлдеріңді ұрлайды,
Шапқан аттай, атқан оқтай зырлайды,
Өмір деген бəз қалпында тұрмайды.
Алдыңда не?
Ертең күннен не керек,
Көкірегіңе нұр құя ма себелеп,
Мұң мен нала жете ме əлде жебелеп,
Бəрібір де асығасың керемет –
Алғы күннен күтерің не,
Не керек?!
Сүйдің бүгін жан-тəніңмен беріліп,
Бірақ одан ұқтың нені, не біліп?
Бір өкініш жатса жанды кеміріп,
Алғы күнге жетелейді сері – үміт,
Айтшы содан ұқтың нені, не біліп?
Шыннан сынап көрсем деген кезі ме,
Көп жайларды білмесем де сезіне,
Гүл-ғұмырдан қойған жоқпын безіне,
Өмір мені талай салды тезіне,
Өмір мені талай салды тезіне.
Бəріне де, бəріне де шыдағам,
Қалай ғана мəуелемей сына алам.
Аман өтіп таудан, тастан, жырадан,
Сыр алдырмай сұқ көздерге сынаған,
Келем əзір сау-саламат, дін аман.
Ағаттық жоқ дей алмаймын ісімде,
Жетіп жатыр,
Бірақ бəрі ішімде.
Ұқсамайын мінсіз соққан мүсінге,
Күн-күн сайын азаяды күшім де,
Соның бірін білдірмеуге серт еткем –
Дос-дұшпанға күлкі болмас үшін де!





Пікір жазу