28.08.2022
122
Қойғандай құрастырып шөмшектерден...
Қойғандай құрастырып шөмшектерден,
Тұрамын ұсақ-түйек бөлшектерден.
Жақсыны, жаманды да тал бойыма
Табиғат таразылап өлшеп берген.
Алдымнан армандардың нұры ашылған –
Айта алман жырлағам деп кіл асылдан.
Жетіп-жетпей жататын кездерім бар,
Көбейіп сылдыр сөзім расымнан.
Кес-кестеп кесел дерті – пендешілік,
Оралып аяғыма кейде шылық,
Аңдамай қалам айдай ашық күнде
Ақ жолдан кеткенімді демде шығып.
Жігітті сынға салып көрсек деген
Адамдық –
арамдықты қоңсы етпеген.
Мен дағы ар алдында есеп беріп,
Бойдағы ақ, қарамды өлшеп көрем.
Күндерім келешекке асықтырса,
Жақсыға, жақсылыққа ғашық қылса,
Жеткендей төбем көкке мəз боламын,
Кеңдігім кемдігімді басып тұрса!