28.08.2022
  112


Автор: Есләм Зікібаев

УАҚЫТТЫҢ ӨЛШЕМІ – САҒЫНЫШ

Сен кеткелі бүгін, міне, бір апта,
Жолың тосып шықтым талай қыратқа.
Мың сан адам өтіп жатыр жосылып,
Арасында өзің жоқсың бірақта.
Бір-ақ апта,
Айтуға оңай секілді,
Барған жолдан қайту да оңай секілді.
Ал мен үшін күндер жылға бергісіз –
Ойлар-ойлар қамалайды не түрлі.
Күн өтеді,
Ай өтеді ...
Себебін
Ойлап ешкім болмайды əуре, сенемін.
Тіршілікте басқаменен ісі жоқ,
Əркім іздеп табады өз керегін.
Аш бөрідей қамалайды неге мұң,
Соны мен де іздеуменен келемін.
Уақыт, рас, табиғаттың бөлшегі,
Ал мен тапқан оның басты өлшемі –
Сағынышта дер едім!





Пікір жазу