28.08.2022
  113


Автор: Есләм Зікібаев

Бір күн өтті...

Бір күн өтті,
Бір күнге ғұмырым да қысқарды,
Қиялыммен ұшырып арман – аққу құстарды,
Шет-шегі жоқ ойлардың ұшпағына жете алмай,
Мен отырмын,
Қанша асу алда күш қалды?
Бір күн өтті,
Бір күнге егде тартып қалдым ба,
Мен білмейтін қаншама құпия сыр бар мұнда.
Кешегіден өскенім,
Өшкенім де белгісіз,
Шешілмеген сан жұмбақ тұр дағы да алдымда.
Шет-шегі жоқ телегей теңіз сынды ертеңім,
Көңілімнің көп күйін өзім ғана шертемін.
Сол кезеңге бет алып тəуекел ғып шыққанда
Мерт етпесе болғаны үміт атты желкенім.
Мəре-сəре күндерім жүрген жандай қайындап
Кетіпті өтіп,
Мен де оған мəн бермеппін байымдап.
Түн ұйқымды төрт бөліп енді ойлайтын болыппын,
Орта жолда қайығым қалмаса деп қайырлап.
Көк жүзінде тізіліп, жұбын жазбай ұшқанды
қызық көріп қараушы ем,
Күзде қайтқан құстарды.
Енді бүгін ойладым –
Жазым өтіп бара ма,
Бұлттай ауыр ойлардың жеткізбейді-ау ұшпағы.





Пікір жазу