28.08.2022
  147


Автор: Есләм Зікібаев

Ойлан сен, ойлан, ойлан, ойлан, балам...

Ойлан сен, ойлан, ойлан, ойлан, балам,
Опық жейді кезінде ойланбаған.
Ой емес, ойын-сауық араласып,
Опындырып, өкінтіп қойған ғалам.
Ойды емес, ойынды көп ойлайсың,
Ойын – ермек, бəрібір тоя алмайсың.
Дүниенің бар жыртық-тесіктерін
Ойынменен тегістеп қоярдайсың.
Бала емессің, қос мүшел қалды артыңда,
Дер шағың таңдайтын да, самғайтын да...
Қалт басқан қадамыңды есепке алып,
Өмір атты сақшың тұр алды-артыңда.
Екі иықта дейді екі періште тұр,
Оң ба басқан қадамың, теріс пе құр?
Ойың жетсе оңына ойларыңның,
Оң іс қыл, жамандыққа келіспе құр.
Ойлан сен, əр қадамыңды ойлан, балам,
Қадам баспа істеріңе ойға алмаған.
Пенденің əрбір ісін, əрекетін
Таразы-безбенге сап қойған ғалам.





Пікір жазу