АҚЫН, СІРƏ, ӨЛМЕЙДІ...
Екеуіміз бірге тұрып үй болғалы,
Жанымызға жыр түнеп, күй қонғалы
Қырық жыл!
Нелер келіп, не кетпеді,
Демесек те айрықша сый болмады.
Шалқып-толқып, топ жарып кетпесек те,
Шығандап көш басына жетпесек те,
Тірлігіміз, шүкірлік, ел қатарлы,
Жарап əзір келеміз епке-сепке.
Астымда, рас, жоқ ол кез мінер көлік,
Төңірегімді толтырған кілең көрік.
Нағашымды жеңгеммен құда қылып,
Жаяу барғам Қордайға күйеу болып.
Ата-ананы жүре алар кім иемденіп,
Ат мінгізіп астына,
кілем беріп,
Қырық жетісін жолына атай алмай,
Қадірсіздеу кіргенмін күйеу болып.
Сыр қып кейде айтады шынын адам,
Уақыт қалай тоқтаусыз зымыраған.
Қалың бермей алды деп қызымызды,
Талай айтты салық қып мұны маған.
Шүкіршілік, ұлым бар ел білетін,
Қыздарым – ертеңіне сендіретін.
Ит тірлікке именіп бас имедім,
Есіктердің көбі ашық мен кіретін.
Сыншы ағайын көргендей көзімен көп,
Шықпасам да биікке өзім өрлеп,
Ер намысын жібермей ел қатарлы,
Шамырқансам, шығады сөзім ерлеп.
Жасылды да көп көрдім, қызылды да...
Қаным содан, білмеймін, бұзылды ма,
Салық қылып бетіне салмасын деп,
Тегін бердім теңіне қызымды да.
Мұңымды да сыр қылып, шерімді де,
Үлгі болар ма екен деп кейінгіге –
Азды-көпті жинағым бола тұра,
Қалың бермей түсірдім келінді де.
Көрсете алмай нар күшін шектеген бар,
Жеткен де бар бұл күнге, жетпеген бар.
Дүниеден ерте-кеш өтерінде
Көр кеуде – шерменде боп өткен олар.
Шалқыдым мен де біраз, шарықтадым,
Шатысып шамадан тыс шалықпадым.
Кетсем деп берерімнің беріп бəрін,
Жетсем деп аларымның алып бəрін,
Жанастым танырымның танып бəрін.
Шақырғандай биікке арман-арша,
Ризамын жоққа – жоқ, барға – барша.
Бірге жетсек болғаны жұп айырмай,
Белгісіз асуымыз алда қанша.
Арманның шеті бар ма, шегі бар ма,
Жаратқан пенде қылып мені де Алла.
Білетінім – мəңгілік өмірім де –
Ақын, сірə, өлмейді Елі барда.
Баяндап кеткенімді, келгенімді –
Жыр жазсам, жаярдаймын елге мұңды.
Азамат қып аттансам арманым жоқ
Аталап соңыма ерген Ерденімді.
Адамның таусыла ма күй-арманы,
Тағдырым маған əр күн сый арнады.
Арымды аласартпай ғұмыр кештім,
Періште болмасам да қиялдағы.
Айтайын иншалла деп, ел алдында
Ұл-қыздарым, немере, жиендерім
Мен үшін ешқашан да ұялмады.
Қарлығаш балапандар ұямдағы
Əзір түк те білмейді, ұяң бəрі.
Тірі жүрсе, бəрі алда самғайтұғын
Қиял жетпес биікте қияндары.
Тəуба, тəуба!..
Бұған да тəуба, тəуба...
Тірлігімде кезікті жар да, тау да.
«Атамыз осындай!» деп мақтана алар,
Түсірмей өтсем болды арға таңба.