АНА
Көкірегімнің қоймасын қазып терең,
Өзің жайлы күнде өлең жазып келем.
Соның бəрі сезімге өлшем емес,
Қайтейін,
Оған да мен жазықты емен.
Ер салғалы ақын боп ер атына,
Асау шабыт тартады тұра-тұра.
Қалт жібермей қағазға түсірсем де –
Қуып келем жете алмай мұратыма.
Кем көрініп алаудай маздағаным,
Жай таптырмай жаныма аз ғана күн,
Көк дөненін көңілдің сабылдырам,
Көп секілді жазғаннан жазбағаным.
Бағыштап тек өзіңе соның бəрін,
Сені риза етсем деудің соңындамын.
Жүрегімнен ұғарсың –
Бір ескерткіш
Өлгенде емес,
Тіріңде соғылғанын.
Мұнарасы жоқ деме көлеңдеген,
Бұл ескерткіш –
мəңгілік көнермеген.
Мəрмəрдан да əдемі əрі биік,
Тірлігіңде орнаттым өлеңменен.
Көкірегімнің қоймасын қазып терең,
Талай өлең əлі де жазып берем.
Бірақ соның бəрінен өзің асқақ,
Жырым төмен тұрса, оған жазықты емен.
Қашаннан-ақ ақынның сыры – жыры,
(Түсіне ме екінің бірі мұны)
Асылы, ол өлеңнің пəстігі емес,
Ең алдымен Ананың ұлылығы!