КҮН САНАУ
Ұйқтап жатып дейсің аман тұрсам-ау,
Көздің алды кіл бұлыңғыр, тұмшалау.
Алдың-қысқа, артың ұзақ жеткізбес,
Кəріліктің бір белгісі – күн санау.
Күн санайсың, ай санайсың, санайсың...
Атқан таңды қазынаға балайсың.
Артың – құз жар, қайта оралғың келмейді,
Ал алдыңда бұлдырайды талай шың.
Бар секілді əлі де алар үлесің,
Бір бассаң да солай қарай жүресің.
Татар дəмің бітпеген соң əйтеуір
Көппен бірге жылайсың да күлесің.
Мына төбе, анау қырға бардың ба,
Сонау шыңға көтеріле алдың ба?
Тағы не бар күтіп тұрған алдыңда,
Қайратты едің, шыннан мұқап қалдың ба?!
Дөңбекшітіп тасқынына, селіне,
Уақыт-сойқан мүжіді ме сені де?
Буырқынған бораны да, желі де
Сын болар ма ерегескен еріне.
Амал қанша, бəріне де шыдайсың,
Ерлігіңді, өрлігіңді сынайсың.
Жылың, айың, күнің... бəрі бітеді,
Бəйтеректей бір мезетте құлайсың.
Ех, күн санау, тіршілікте күн санау,
Кейін қарап көңіліңді бір бұрсаң-ау.
Арман шіркін аяулыңдай тым ыстық,
Дейсің: «Шіркін, əлі тұра тұрсам-ау!!!»