ІНІҢ БАРЫН ҰМЫТПА
Сен ол жақта зарығып, мен бұл жақта,
көрісе алмай екеуміз күнұзаққа,
екі бөлек жатырмыз, құлыншағым,
байлағандай амалсыз қыл тұзаққа.
Бұл өмірдің əлі сен не екенін де
білмейсің, жүрсің қиял жетегінде.
Мен біраз ғұмыр кештім шүкір дерлік,
сенің-ақ садағаң боп кетейін де.
Болса дағы егіліп жылағаным,
аман жүрмін, көп құздан құламадым.
Бар шындығым – ақиқат Алла алдында
ақ өлімін берсе деп сұрағаным.
Ұша алмаймын, шарпыған қанатымды от,
көп талпындым өзіңе баратын боп,
бəрі жақсы дейсің-ау атаңды аяп,
ал мен сені көргенше тағатым жоқ.
Жетілем бе, сендерсіз жетісем де,
қара шалдың ықылас-ниеті сенде.
Ет бауырым елжіреп езіледі,
кейде қатал болғансып зекісем де...
Жарамады-ау əрнеге ұрынғаның,
мен-ақ мойынға алайын мұның бəрін.
Көз алдымда көлбеңдеп, қутың қағып,
аман-сау жүріңдерші, құлындарым.
Сырттай болса да аялап мені ағалар,
қамқорым боп көтеріп келеді олар.
Інің барын ұмытпа соңыңа ерген,
күні ертең жақсыны да, жаманды да
таптырмас тағылымдай сенен алар!.