28.08.2022
96

САҚТАП ЖҮРСЕ БОЛҒАНЫ
Сен ол жақта жете алмай маған қарай,
Мен бұл жақта жете алмай саған қарай,
Қос көзіміз төрт болып, боталанып,
Күн өткізер екенбіз қалай-қалай?
Біздің күйді айтсаң, кім тыңдар, жаным,
«Ата!» – деген үніңде мұң бар, жаным.
Ауырмағанның ісі жоқ Алламенен,
Кеудемізде арбасқан ызғар-жалын.
Ерден, Ерден!
Құлыным,
Ерке елігім!..
Елден ерек жарасқан еркелігің.
Саған деген жанымның сағынышын
Мен жоқ болсам, күй қылып шертеді кім?
Алабөтен қуандым сен туғанда,
Қуанбасқа, құдай-ау, еркім бар ма?
Өзіңді ойлап сабама қайта түсем,
Алай-дүлей жанымда жел тұрғанда.
Сені – əкеңе,
Əкеңді – жалғап маған
Бере салған кезінде армандағам.
Жатпай-тұрмай Алладан тілейтінім –
Сақтап жүрсе болғаны қарғамды аман