28.08.2022
  94


Автор: Есләм Зікібаев

ӨБЕКТЕУ

Алып бергін демеймін айды, алысты...
Қиял құсым қайда жайлап ұшты.
Менің көңіл күйім де, құлыншағым,
Сенің көңіл күйіңмен байланысты.
Көз тимесе екен деп қарағыма,
Сөз тимесе екен деп жан, арына,
Жел тимесе екен деп тамағына,
Қарап жүрем сенің қас-қабағыңа.
Аяқ асты тарылып тілдей ғалам,
Кейде барын, бақытын білмейді адам.
Сен томпайып сəл ғана ренжісең,
Мен де сол сəт таусылып, күлмей қалам.
Майда-мамық мамырда гүлдей далам,
Өзіңе де, маған да бірдей ғалам.
Сен есіктен жадырап, жайнап кірсең,
Кейіп келген сəтімді білмей қалам.
Кейістігім қайда ұшты, білмей қалам,
Көрінесің жан желпір гүлдей маған.
Сенің құйттай жаныңа нұр құйсам деп,
Жаным шалқып, заматта Күнге айналам.
Күнге айналам, құлыным, Күнге айналам,
Сені тəңірім берген жоқ білмей маған.
Өзің болсаң, өмірдің қыс пен жазы –
Бəрі шуақ, бəрі де бірдей, балам.
Кейде шығып, түсемін өрден кей күн,
Балам барда орыным төрден деймін.
Сен арқылы пейіштің нұрлы төрін
Еркін жүріп өңімде-ақ көргендеймін.
Қуанышым, құлыным, көл-көсір көп,
Саған да айтам: «Ұлыңды оңды өсір» , – деп.
Атам кейде ұяттан өлмесін деп,
Тамам елдің алдында асқақтатып,
Қарт басымды келесің өрге сүйреп.
Рахмет!..





Пікір жазу