28.08.2022
  112


Автор: Есләм Зікібаев

БІРГЕ КЕТЕР

О ғаламат,
Бар ма екен өнерде азық,
Инеменен құдық та көрем қазып.
Ұйқтағанда түсімде түніменен
Жынды адамдай жатамын өлең жазып.
Жазғанымды мың түзеп, мың өшіріп,
Алған жандай өзіме тым өшігіп.
Сау басыма жүргендей сақина іздеп,
Таңда мең-зең тұрамын түгесіліп.
Бергеніңе мың шүкір,
Ой, Аллам-ай,
Ортаймаған көңілім толы арнадай.
Құдай берген «бақыттан» бойды аулақ сап,
Іздеп тапқан азапты қоям қалай.
Алас-күлес алмасып күндер өтер,
Бірегей бақ тірлікте кімге жетер.
Құдай берген өнерім – өлеңім де,
Бейнетім мен рахатым бірге келген...
О дүниеге де өзіммен бірге кетер.





Пікір жазу