28.08.2022
  129


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАҚСЫ ЕКЕН ҒОЙ

Құдай берсе қона салар бақ қандай,
Сере семіз – балпаң құйрық батпандай.
Ағаларың арнай іздеп келгенде,
Жаның жібіп, таңың күліп атқандай –
Сезінесің Оқжетпесте жатқандай.
Кілең мықты маған жайсаң жақындар,
Атағы аңыз, елағасы ақын бар.
Ғылымның да бір тұтқасы қолымда,
«Мен кіммін?» – деп мақтануға хақым бар.
Ой тербеумен өтер күн мен түндері,
Сезім шіркін жетелердей ілгері.
Академик, Ақын іздеп келетін
Осал жан деп ойлай алар кім мені.
Ойлары бар елді ұйытқан көшелі,
Қатарына қарап адам өседі.
Осындағы бар немістің көсемі
Бельгерді жұрт маған туыс деседі.
Жалғандық жоқ қолдан құрап жасалған,
Салт-дəстүрден қазақ қалай аса алған.
Бала күннен бірге өскен доп қуып,
Өзімізге Гера дос ол қашаннан.
Жақсы екен ғой ата дəстүр, жөн білген,
Сана-салтқа көкірегіңді көндірген.
Аңқылдаған АҒАЛАРДЫ көрдім де,
Өзімді енді танығандай болдым мен.





Пікір жазу