28.08.2022
  177


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАЙРАН АҒАМ

Аға, қайдан келесің, қайда барып?
Бір қолға – сүт, бір қолға айран алып.
Келіндерің көрсе егер бізге сор ғой,
Жүретін сені үлгілі қайнаға ғып.
Аға, қайдан келесің, қайда барып?
Байқамағам мұныңды жəйда не ғып.
Бəрімізге төбедей көрінуші ең,
Не боп кеткен тірлігің, қайран алып.
Не боп кеткен тірлігің, қайран алып,
Кəрі жеңгем барында шəйға қанып,
Сөйлеуші едің тілдіге тізгін бермей,
Кеше ғана келгендей Айға барып.
Бəрі өтпелі екен ғой, бəрі өтпелі...
Жас тоқалдың қандайлық бар өткені?!
Ойға-қырға жүгіртіп соның өзін,
Отырсаңшы сүйретпей кəрі өкпені.
Сəнмен серпіп қанатын жайған қыран,
Кəртайғанда тап болдың қайдан бұған?
Сен жүресің қолбала секілденіп,
Ол шықпайды көлбеңдеп айна алдынан.
Қайран ағам,
Тегіс жерде тағдырың тайғанаған,
Көрініп тұр көзге де жəй қараған.
Қадірімді жас тоқал қайыным деп
білер ме? Сені іздесем, қайда барам?
Қор болдың, қор болдың-ау, Қайран ағам!





Пікір жазу