ОН АЛТЫНШЫ ЖЫР
Жақыннан сарыны зор гуіл жеткен:
Су екен келер қатқа сарқыраған,
Арадай омартасын гуілдеткен.
4 Үш сұлба шықты кенет бөлектеніп
Жылжыған жылға бойлай тобырынан;
Беттері кетіпті оттан көнектеніп.
7 Алыстан-ақ долы ашу – желге мінді:
«Тоқта! Біз киіміңнен танып тұрмыз
Қара басқыр қаладан келгеніңді!»
10 Бырысқан өне-бойы отқа күйіп
Олардың сорлы кейпін көзім шалды;
Еске алсам, қаным әлі тоқтар ұйып!
13 Естіді жолбасшым да дауысты анық,
Бұрылды маған қарай: «Кідірелік.
Жолына әдепсіздің ауыспалық.
16 Жөн айтсам, от үстінде болар егес;
Жебедей қадалатын аңызақтан
Қашатын жан – сен едің, олар емес».
19 Кідірдік; бағанағы жырлап кепті
Қаңқалар қайта әндетті; бізге ұмтылған
Үшеуі шыр айнала зырлап кетті.
22 Жалаңаш атлеттерше жылпылдады,
Айнала үйірілетін аренада,
Қалт етсек, шап беруге ұмтылғалы.
25 Сұлбалар айналып жүр қырына алып;
Мойыны артқа кетеді, тізесі алға,
Ұмтылса маған бетін бұрып алып.
28 Бірі айтты: «Қызыл құмы күрпілдеген
Алқаптан қанға бөге біз шыққанда,
Айып та болмас еді-ау іркілмеген;
31 Әйтсе де, ден қой біздің даңқымызға;
Сен кімсің, тозақтағы отты жолмен
Өтердей дін аман-сау қалпыңызда!
34 Іздері табанымда жанышталған
Мына жан мұнда бейбақ болғанымен,
Тірлікте айбар-даңқы алысты алған.
37 Атақты Гвальдрада нәсілі еді,
Гвидо Гверра – осы, даңқ жолын
Семсермен және ақылмен ашып еді.
40 Ал анау – артта жүрген шаң ұшырып –
Теггьяйо Альдобранди; еңбектері
Арналған адамға ар-намысы нық.
43 Айналған жеміне от құйынының
Мен болам Рустикуччи; тамұқтағы от –
Сыйлаған әйелімнің «сыйы» бүгін».
46 Қалқаным болса оттан қаға аларлық,
Жолымнан шыға, оларға ұмтылар ем,
Іс қылар ем данам оң бағаларлық.
49 Бас салар бәле барын сезіндім де,
Іркілдім сұлбаларға ұмтылудан,
Кесілді жолы аяныш сезімнің де.
52 Тіл қаттым: «Сендерден хақ жиренбесім;
Жүрегім шерге толды, зарлы үндерің
Жаныма жебедейін түйрелгесін.
55 Ұстазым мән-жағдайды түсіндірген;
Сендерді аңдағанда-ақ, шын мәнінде,
Кімдерді көргенімді ішім білген.
58 Бір Отан – сіз де, біз де көктеген жер;
Есімде – еңбектерің, есімдерің,
Жалғаншы – «Сендерде ерлік жоқ» дегендер.
61 Кектенбей, іздемекпін бақтан алма;
Кемелім үйреткендей: табу керек
Әуелі жер кіндігін, жатқан алда».
64 Ол айтты: «Ұзақ жолың тарылмағай,
Кіршіксіз тәндегі жан жебей берсін,
Ізіңнен даңқ нұры арылмағай!
67 Енді айтшы: қаламызда сақталған ба
Қадірлеу ізгілік пен адалдықты;
Әлде олар баяғыда-ақ тапталған ба?
70 Әне, анау аптап құмда жазаланған
Жазықты – Гульельмо Борсиере –
Жеткізді суық хабар мазаны алған».
73 «Менмен мен бұзақыға бас иетін,
Ашкөз бен жолбикеге қойын ашқан
Флоренция жоғалтқан қасиетін!»
76 Бас тіктеп, мен осылай ұрандағам;
Қарасты бір-біріне, адамдарша
Сөзімнен әлденендей сыр аңдаған.
79 Айтты олар: «Ойыңды ашық айта алатын
Бақытты жан екенсің! Дүниеге
Шындықты сен боларсың қайтаратын!
82 Алдыңнан шығады әлі-ақ Ұлы шырақ,
Тамұқтың қияметі таусылғанда!
Есіңе ал сонда бізді жылы ұшырап.
85 Бәрін айт, адам ойын ширатқалы!» –
Деді де, кемер бойлай құстай ұшты,
Қанатқа айналғандай сирақтары.
85 «Әумин» деп үлгермедік қолды жайып;
Ұстазым жол жүруге ыңғайланды,
Әлгілер көз ұшында болды ғайып.
91 Кідірмей, мен де ақырын жылыстадым;
Естілді тым жақыннан су гүрілі,
Ықтыра дүниенің дыбыстарын.
94 Өзен бар, – Монте-Везо тауларынан
Басталып, күншығысқа беттей келе,
Жол тапқан Апенниннің аумағынан;
97 Әу баста «Аквакета» аталатын;
Жеткенде ойпаңдағы ел тұсына,
Форлиде жоғалтатын атақ-атын;
100 Күркірей сарқырайтын құлап ағып
Тауынан әйгілі Сан-Бенедетто, –
Бұл – мыңдардың қонысы, тұрақ алып.
103 Тап солай, – жардан тасқын лақтырып,
Қанқызыл толқынды өзен күркіреуде;
Жиекте тұрып қалдық құлақ тұнып.
106 Арқаным белімде еді байлап алған;
Бұғалық етпек болғам сілеусінге,
Бұлаңдай арбағанда жайнап алдан.
109 Ағытып, жеткенде өзен ернеуіне,
Ұсындым ақыныма арқанымды,
Ыңғайлай құлаш кере сермеуіне.
112 Қырындай тұрып, сәл-пәл құлақ түрді;
Құздағы кертештерден әрі асыра,
Түнерген тұңғиыққа лақтырды.
115 «Сездірмек түнектің бұл күйі нені? –
Деген ой көңілде тұр, – Қатер бар ма,
Ұстазым неге сонша шүйіледі?»
118 Шіркін-ай, сабырлыға керегі де –
Ұстамдылық екен ғой, бойлау үшін
Көз көрмес ақыл-ойдың тереңіне!
121 Айтты ұстаз: «Көтерілер өрге де енді
Күткенім және сенің сенбейтінің;
Көресің қазір көзің көрмегенді».
124 Өтірікке бергісіз шын болады,
Сақтау жөн оны көңіл тереңінде;
Өйтпесең, ақ ниетің құм болады.
127 Бірақ мен баға алмаймын әліп артын;
Ант етем «Комедия» жырларымен,
Оқушым сенбесе де жаны жарқын.
130 Көрдім мен – тұңғиықты осып, жырып,
Әлдене бой көтере тіктелгенін,
Селт етпес жүректі де шошындырып.
133 Осылай, айдарынан жел есіле,
Зәкірді босатқан соң тасқа оралған,
Сүңгуір асығатын кемесіне,
136 Дем бере аяғымен денесіне.