ОН БЕСІНШІ ЖЫР
Жиектей тас кемерді, алға аттадық;
Жылғадан бу бұрқайды отты жасқап,
Төменде тоған жатыр салмақтанып.
4 Ұқсайды ол фламандтық тас қамалға,
Брудже мен Гвидзантқа қатер төнсе,
Арналған су тасқынын жасқағанға;
7 Ұқсайды ол Брентаның тоғанына
Қорғайтын Падуяның кент, қамалын,
Кәрленсе Кьярентана жоғарыда.
10 Зор тоған емес еді ол кенерелі,
Әйтсе де, тастан өріп тұрғызғандар
Кім болса да, ысқаяқ шебер еді.
13 Тоғайдан біз едәуір алыстадық;
Мен қанша көз тіксем де көр – тоғайға,
Көрмедім, қойса керек қалыс қалып.
16 Жиылып бір топ сұлба мынау маңда,
Сықсия көз қадайды бізге етектен,
Айға адам қарағандай түн ауғанда.
19 Біріне бірі үнсіз қарақтаған
Қаңқалар қасын кере үңіледі
Тігіншідей инесін сабақтаған.
22 Қаңқалар жанасқанда анықталып,
Біреуі: «О, ғажап!» – деп, етегімнен
Шап берді мені кенет танып қалып.
25 Қайрылғам, күйік шалған жүзін көрдім,
Оқыстан оралғанда ол шылауыма;
Еңсе езген қасіреттің ізін көрдім.
28 Дем сәтте ой жүгірттім жер бетіне;
«Бұл сіз бе, сэр Брунетто?» – дедім оған,
Үңіле от шарпыған келбетіне.
31 Ол айтты: «Ұлым, саған баяндасам
Жайымды, көңілің құп алар ма екен,
Ілесе Латиноға аяңдасаң?»
34 Мен айттым: «Бұл қиын іс болмас маған;
Әзірмін тізе бүге кідіруге,
Келіссе кемеңгерім жол бастаған».
37 Ол айтты: «Ұлым, мына жазалылар
Кідірсе бір сәт, жүз жыл от қамшысы
Осқылай ойнақтайтын азабы бар.
40 Алға түс; мен ілесем орағытып,
Тобырға оралғанша зар илеген
Бақилық қияметте сора жұтып».
43 Жүруге от жазықта қорғаштадым
Онымен иықтаса; кемер қуа,
Басымды салбырата жол бастадым.
46 Сұрады ол: «Бақилықтың түнегінен
Не іздедің, ажал жетпей төмендердей?
Басшың кім тауып алған түн елінен?»
49 Мен айттым: «Жалған дүние жарығында
Адастым, иен түзде жолдан тайып,
Бітпестен ғұмырымның жарымын да.
52 Жатқан ем кеше жерге жоным басып,
Тап болдым бақилыққа, көрдім оны;
Келеді содан бері жолымды ашып».
55 Ол айтты: «Жаңылма, – деп, – шырағыңнан
Бастайтын мәңгі даңқ айлағына;
Мен де оны бағзылардан мұра қылғам.
58 Тым ерте ажал маған жетпегенде,
Менің де тиер еді қолғабысым,
Хаққа жақ сапарға сен беттегенде.
61 Білгейсің, зәлім ойлы мына халық –
Келгендер Фьезоле жотасынан,
Тау, таста жүруші еді қына бағып.
64 Қасиет қараулықпен қабыспайды:
Білесің, шірік шетен бұтағына
Інжірдің жапырағы да жабыспайды.
67 Бұларды «соқыр» дейтін бұрынғылар;
Өркеуде, күншіл, ашкөз пенделер ғой;
Тілдессең, масқараға ұрындырар.
70 Жақтамас енді сені қос қауым да,
Алайда текке арамтер болады олар,
Тұмсығын соғары анық тосқауылға.
73 Жалмасын Фьезоле малғұндары
Сабанша күтірлете өзін-өзі;
Сақталсын тек ізгілік балғындары.
76 Сол өскін желге ұшырар қордасын да,
Көктейді сонда римдік таза нәсіл
Өтірік пен зәлімдік ордасында».
79 «Қабыл боп, құпталғанда бар тілегім, –
Дедім мен, – сіздің нұр да сөнбес еді,
Жүздесер еді сізбен әр күні елім.
82 Тірісіз көңілімде әлі күнге,
Жадымда – жан әкемдей жарқын бейнең,
Адамдық мәні жайлы тәлімің де.
85 Ұқтырдың мәңгі өмірдің мәнісін де;
Өтеймін қарызымды алдыңдағы,
Тұрғанда абзал жаным тән ішінде.
88 Сол оймен бәйгеге бас тіккен едім,
Өзге де жазулармен салыстырар
Мезетін аяулымның күткен едім.
91 Болғаны жазғырмаса жанымды арым,
Жарық нұр не жазса да маңдайыма,
Ақиқат қалтқысыз қабылдарым.
94 Нәубеттің көргем талай амал, күшін;
Фортуна жалт етсе де, жалт бұрылман,
Балтасын қамдаса да жаналғышым!»
97 Жанарын оң жағына бұра бастап,
Ұстазым салиқалы сөзін қосты:
«Аңдампаз жан ақылға құлақ аспақ».
100 Брунетто тілінің бауы алына,
Шешілді: «Мәртебелі адамдардан
Тобыңда кім бар?» – деген сауалыма.
103 Сөйледі ол: «Кей есімді елегенмен,
Кейбірін өту абзал атамай-ақ,
Түгендеу қиын бәрін, не дегенмен.
106 Мыналар – шіркеудің ең ұлықтары,
Танылған дүниеге ілімімен;
Сорлатқан бәрін – қылық, құлықтары.
109 Тобырда Присцианмен қосақталып
Жүреді Аккурсионың Францискі;
Айтайын бір сұм жайын қоса ақтарып.
112 Бір сұм бар, құлдың құлы аттандырған
Арнодан Баккильоне алқабына,
Өлсе де, артында өшпес тат қалдырған.
115 Атар ем басқасын да, түгесіліп
Қалыпты жолдас болар кесімді сәт;
Бұрқағын бастағандай құм есіліп.
118 Кетуге тиіспін, сол – өкінерім;
Мен тірі жүрсін десең, Қазынамды
Сақтарсың, осы ғана өтінерім».
121 Жалт беріп, зымырады сенген ер де;
Осылай жүгіретін көк шұға үшін
Верона түбіндегі пенделер де;
124 Жүйрігім ұқсамайды жеңген ерге...