ОН ТӨРТІНШІ ЖЫР
Уайымдай жүріп туған атырапты,
Баурына басып бердім бейшараның,
Жан-жақтан жиып әкеп жапырақты.
4 Шетке өттік, артта қалды орман – алаң;
Үшінші белдеу жатыр екіншінің
Ішінде, көктен нәубет сорғалаған.
7 Көз тіктім алға, көңіл бірледім де:
Шошытты сұлап жатқан сұрқай жазық
Оранған өлі әлемдей сұр кебінге.
10 Қоршаса сырттан өзен оттай қарып,
Құрсаулай орапты оны қайғылы орман;
Бел жаздық біз жиекке тоқтай қалып.
13 Сыңсыған сұр жазықта көшпелі құм
Аумайды Катон басқан қызыл құмнан,
Шөл кеше, өткізгенде көш-көлігін.
16 О, құдай, жаны тітер оқырманның,
Елесін көрген сәтте өлеңімнен
Басымнан өтіп, ойға тоқылғанның!
19 Татым су таппай тиер таңдайына,
Шерленген тыржалаңаш тобыр көрдім;
Осы екен жазылған сор маңдайына.
22 Серейсе біреулері шалқалақтай,
Бүрсиіп шаңдақта отыр енді бірі,
Кейбірі шыр айналар қалталақтай.
25 Көбірек секілді аяқ қозғағаны;
Азырақ көрінсе де серейгендер,
Күштірек сезіледі боздағаны.
28 Жаланған жалын тілін құмға сұға,
Тамшы оттар қалқи ұшып қонып жатыр,
Ақ қардай себелеген шың басына.
31 Кезінде Александр өткен еді
Қақ жара Индияны; шөл үстінде
Оған да отты нөсер төккен еді.
34 Бұйырған сонда ол өз жасағына
Жабыла құм шашуға, көзі жетіп
От тілін солай ғана басарына.
37 Мұнда да от дәл солайша құйындады;
Қызыл құм қуырылды тамызықша,
Азабы қаңқалардың қиындады.
40 Мен көрдім бақилықта ербеңдерін
Қолдары денесінен отты қағып
Аптапта шыжғырылған шерменденің.
43 Тіл қаттым: «Бәрінен де күшің асқан
Сен едің, сайтандардан басқалардың,
Қаһарлы қақпа алдында ұшырасқан,
46 Мынау кім тұнжыр қабақ, бойшаңдауы,
Жирене қарап жатқан от төгінге?
Жауған от қалай оған ой салмауы?»
49 Сөзімнен аңдағандай қауіп-күмән,
Елеурей айғай салып, екіленді ол:
«Өлсем де, өз қалпымнан ауытқыман!
52 Көрсетсін, мейлі, Зевес жұртқа күшін,
Ұстаны қинап, мейлі, қылыш алсын
Иықтан шауып, мені құртпақ үшін;
55 Мейлі, ол әурелесін жалынға ұра
Баршаны Монджибелло көрігінде,
«Құтқар, – деп, – абзал Вулкан!» – жалындыра;
58 Өзі де Флеграда зар илеген;
Сәт сайын, мейлі, жасын атқыласын, –
Бас иіп, жүгінбеймін, әрине, мен!»
61 Жолбасшым сөйлеп кетті қаһарлана,
Бұрын мен мұндай үнін естімеп ем:
«Капаней, қасарыспа шақарлана!
64 Ең ауыр қасіретің – менмендігің:
Аяусыз өзіңе өзің жаза кессең,
Айыбың – ақкөздікке сенгендігің».
67 Сөйледі байсалдана қарап маған:
«Фиваны жеті патша қоршағанда,
Осы еді Хақты тілдеп, жаратпаған;
70 Есіріп, тіл тигізді Құдайға да;
Әлгінде айтқанымдай, әулекінің
Шықты аты былапытпен лайлана.
73 Ал енді кідірмейік, алға атталық;
Күйдіргі құмды баспай, жиектей жүр,
Әурелер табаныңды от қармап қалып».
76 Жылғаға дейін жеттік жақ ашпастан;
Орманнан шапши аққан қанды суға
Шошына қарап қалдық, жанаспастан.
79 Бұлқынған Буликаме іспеттене
Күнәһар әйелдер су алғанына,
Ағуда бұл да құмды тістеп, тебе.
82 Су жұтқан кемері де, аңғары да
Тастармен көмкеріле көзге ұрады,
Жолымыз осы екені аңғарыла.
85 «Өткелі баршаға ашық босағадан,
Көрсек те сен екеуіміз сан ғажапты,
Көресің тағы бірін осы арадан.
88 Сырын білгің келсе бұл кереметтің:
Ұшқынның қандайын да құрықтайтын –
Суы емес, буындағы ерен екпін».
91 Осыны айтқан сәтте тәлімгерім,
Өтіндім аш қарынды жұбатуын,
Талғажау қажеттігін мәлімдедім.
94 Сөйледі ол: «Бағзы өлкеде теңіздегі
Бір жер бар Крит атын иеленген,
Ол билік еткенде ел де ең ізгі еді.
97 Сонда еді әйгілі Ида күн байланған,
Көкмайса көз жаулайтын баурайында;
Ол да енді ұмытылған, құмға айналған...
100 Бөбегін оған Рея аманаттап,
Өтінген сәби үнін естіртпеуін,
Шулауды, басар болса адам аттап.
103 Сол тауда ұлы қария – сұсты алып тұр;
Ту сырты – Дамиата, Римде – көзі,
Айнаға қарағандай сұстанып тұр.
106 Алтын бас шуақ шаша жалғасады
Күміске, кеудесі мен қол құйылған;
Мыс дене одан әрі алмасады;
109 Содан соң қара темір басталады,
Алайда оң табаны – саз балшықтан,
Сол тұсқа қарауға көз жасқанады.
112 Бүкіл тән бастан төмен қақырапты,
Көз жасы жарықшақтан сорғалап кеп,
Жуады үңгірдегі атырапты.
115 Осынау көз жасынан жаратылған
Ахерон, Стикс пен Флегетон да;
Содан соң бұлар ағып баратын маң –
118 Төменде; бұлар тамұқ әлеміне
Коцитті жаратады; енді айтпайын,
Көрінер шығанақ та әне-міне».
121 Мен айттым: «Егер жерден басталатын
Мына өзен осы тұсқа дейін жетсе,
Не сыр бар кейде бізден жасқанатын?»
124 Ол айтты: «Шеңберлене көлемделіп
Жатады бұл шұңқырлар; біз де үнемі
Бағытты солға бұра төмендедік.
127 Шеңберлер әлі де көп, қамданғаның
Жөн болар; тосын жағдай киіп кетсе,
Жанарың жаутаң қаға, таңданбағын».
130 «Ал Лета қайда? – деп мен сұрап қалдым. –
Қайда әлгі Флегетон? Айтуыңша,
Көз жасы еді ғой шер жылатқанның».
133 «Сұрағың дұрыс, – деді көрегенім, –
Шапшыған қанды суға ой жүгіртсең,
Өзің де бір жауапты көрер едің.
136 Жетесің Летаға да, – жаны ақталып,
Әруақ дәреттене тіктелгенде,
Күнәсіз пейілімен қанаттанып».
139 Жалғады сөзін: «Енді сұлбалармен
Қоштасып, аттанамыз; ізден тайма:
Жарыса жүреді жол жылғалармен,
142 Отты бу өшіруде құлдан әрмен».