ОН ҮШІНШІ ЖЫР
Кентавр ағынды асып үлгерместен,
Біз де ендік тұмсық батпас ну орманға,
Аяқтың астынан да дым көрместен.
4 Қанқызыл жапырақтар түтеленіп,
Бұталар шырмауықша шырмап, мұнда
У төгер тұл ағаштың тікені еріп.
7 Мұндай ну, – ойыңда үрей балалатқан, –
Табылмас Чечино мен Корнетодан
Ит-құсын иен түздің паналатқан.
10 Көрінбес саңғырықтан жар, қиялар:
Осында ұялапты Троя ерін
Бездірген Строфадтан гарпиялар.
13 Реңі – әйел, жүндес қарын гарпиялар
Қонақтап ағаштарға, аңырауда;
Бүреді бұтақтарды қарпи олар.
16 «Біліп ал, қайда апармақ басқан адым, –
Деді ұстаз жөн көрсете, – Жадыңа тұт,
Екінші белдеу енді басталарын.
19 Сәл әрі отты шөл бар жалындаған;
Көресің қияметті, – деп үстеді ол, –
Көз түгіл, қиялыңа шалынбаған».
22 Кенеттен зар кернеді айналаны;
Ешкімді көре алмастан төңіректен,
Мүдірдім, жасай алмай байлам әлі.
25 Аңдадым ұстаздың да аңғарғанын;
Болжадым: бұталарды тасалана,
Зар қаққан қасіретті жандар барын.
28 Тіл қатты жолбастаушым, мол дарындым:
«Бұтақтың кез келгенін сындырсаң-ақ,
Талқаны шығар еді долбарыңның».
31 Сол сәтте қолым созып, шымшып еппен,
Шомырттың бір бұтағын үзіп алдым;
«Сындырма, қиналам!» – деп дің шыр еткен.
34 Бүртиген қан көргенде сынықтан мен,
Ілесті жан айқайы: «Азаптама!
Сен де әлде қан ішуге құныққан ба ең?!.
37 Пенде едік, мұнда айналдық құр шілікке...
Мұндар да мұнша аяусыз қылық қылса,
Күнәға батар еді-ау тіршілікте!..»
40 Ұшына бөрененің от тигенде,
Есер жел екілене ұйытқушы еді,
Мастана от үстіне отты үйгенге.
43 Боздауы бұтаның да ушықты анық;
Қаны ағып, зәремді алды, тілден қалдым.
Құм қапты бұтақ қолдан сусып барып.
46 «Білсең ғой жаныңды азап шырмаларын, –
Деді ұстаз, аңдап мүшкіл жағдайымды, –
Басыңа келіп менің жырлағаным,
49 Құмартпас еді-ау қолың сұғынуға...
О, әруақ, сені амалсыз азаптадым,
Септестің тылсым сырды ұғынуға.
52 Айт оған өзің жайлы, бұқпа мұнда;
Есіне алсын сені ол пейілдене,
Қайтадан жер бетіне шыққанында».
55 Сөйледі ағаш: «Үміт аңғарыла,
Баурайды жылы сөзің; сырымды ашсам,
Әңгімем тимес пе ауыр жандарыңа?!.
58 Қос кілтті қорығанның өзі едім мен,
Федерик жүрегіне ұялаған;
Білуші ем бұраудың да кезегін мен.
61 Білсем де оның барлық құпиясын,
Сақтаушы ем, парызымды адал өтеп;
Бағушы ем кірпік қақпай құт ұясын.
64 Сарайды ен жайлаған сайқал ғұрып
Індете ізге түссе, көз алдыңда
Көрсетер періштені сайтан қылып.
67 Жінікті ел жәдігөйдің тұспалына;
Сөзге ерген Август абзал ниетімді
Лақтырды қияметтер қыспағына.
70 Дағдарған рухым аңсап өр үмітті,
Өліммен өшірмек ем өсек өртін,
Дұрысым бұрыс болып көрініпті.
73 Ант етем, антыма айғақ – қызыл қаным:
Сертімнен тайған жоқпын тірлігімде,
Ағзамға адал болдым, бұзылмадым.
76 Көрер жан күні ертең күн әлемін
Жаладан ақтаса екен ұжданымды,
Түбіме өсек жетті мына менің!»
79 Ақынның үні естілді құлағыма:
«Тыншыды ол, сөйлесе бер, уақытың бар,
Жауап ал білгің келген сұрағыңа».
82 «Сен сұра, сырын ашар сәтін барлай,
Пайдасы тиер, – дедім кібіртіктей, –
Тұр менің жаным ашып, дәтім бармай...»
85 «Серігім, – деп бастады ұлағаттым, –
Даяр тұр тілегіңді орындауға;
Ал сен, рух, жұмбағын аш мына қаттың.
88 Баянда жанның қалай шырмаларын
Бұтақтар тармағына; жолын меңзе
Тарқатар бұл шырмаудың шырғаларын».
91 Аһ ұрды ағаш, демі ауаны ұра,
Сөз бастап кетті және кідірместен:
«Сұрақтың қиын емес жауабы да.
94 Болса егер жан сұмдықтың нақ тұрағы,
Тәні де безе қашпақ, сонда оны
Жетінші қатқа Минос лақтырады.
97 Берілмек оған шексіз шер кесіліп;
Орманға түскен титтей дән сияқты,
Өнеді жазмыш жазған жерге сіңіп.
100 Дән өніп, дарақ-талға айналады,
Ас болып жапырағы гарпияға,
Ойылған өзекке қан байланады.
103 Біз де өз тәнімізге кезігеміз
Қиямет күні, бірақ кие алмаймыз:
Тән бізден жерігенін сезінеміз.
106 Сүйресек біз түнерген қалқаларға,
Жабысар тән тікенек бұтақтарға,
Жоламай қаныпезер қаңқаларға».
109 Ағаштың болғандай-ақ қорғанышы,
Ойлап ек біз: «Әлі де сыр ашар» – деп,
Кенеттен шуға бөкті орман іші.
112 Аңшыдай тына қалдық, алаңдасып:
Жаншылған бұталарды бытырлата,
Жүргендей тазы қуып, қабан қашып.
115 Безілдеп келеді екеу бұза-жарып
Бұтаны кеудесімен; тыржалаңаш
Тәндерін – тікен, жанын ыза қарып.
118 «Жетші, ажал!» – деп алдағы ентіккенде,
Арттағы айғайлайды жаны ышқына:
«Ұштың ғой бүгін, Лано, сен тіптен де,
121 Топпода қаша алмап ең қара басып!» –
Деді де, сұлқ құлады бұта ішіне,
Жоғалды үйіндіге араласып.
124 Лық толды сол сәт орман қаншықтарға;
Ұқсайтын сұрқы олардың аш иттерге
Құтыра жабылатын қан шыққанда.
127 Ұмтылды жығылғанға ашкөздене,
Зулай кеп, азуларын қарш-қарш қадап,
Сүйретті, қанға бөкті бас, көз, дене...
130 Беттедік біз де бұта арасына;
Малшына өз қанына зарлауда анау,
Көз салып жұлым-жұлым жарасына:
133 «О, Джакомо да Сант-Андреа! Бәле терген
Пиғылың орға жықты ақырында!
Не дерсің тағдырыңа нәлет ерген?»
136 Ұстазым ыңғай беріп кідіргендей,
Тіл қатты: «Қай бейбақсың, бақилықта
Қайғыңа қан қосақтап сіміргендей?»
139 Сөйледі ол: «О, пенделер, зұлым жалған
Тойдырып, бақилыққа көңілі ауған!
Жабыным қызықтырса жұлымдалған,
142 Шомыртқа жапырағымды апарыңдар!
Сол жерде – Иоанн үшін жебеушісін
Жадынан ығыстырған шаһарым бар.
145 Сол үшін өнері оның кектенеді;
Арнодан сау бөлігі шықпаса оның,
Шаһардың тірлігі де шектеледі,
148 Қайтадан тұрғызылған бекініс те
Аттила талқандаған топыраққа,
Бос әуре болмақ кеткен шетін іске.
151 Өлген ем өз үйімде өкініште».