meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  28.08.2022
  245


Автор: Данте Алигьери

ОН ЕКІНШІ ЖЫР

Шыңырау үрейлі еді бізді күткен:
Қиямет-қайым сәтке кезіккендей,
Кім-кім де күдер үзер ізгі үміттен.
4 Құзындай Трентоның елестеді,
Құлаған Адичеге опырыла,
Жер дүмпіп, жұтылғанда белес, белі.
7 Құж-құж құз сұстанғанда қия беттен,
Сезілер саты-саты жақпар тастар
Соқпақтай асып түсер қияметтен.
10 Тұңғиық тұнжырауда ығы-жығы;
Сұлапты шыңыраудың шетін ала
Криттің бетке шіркеу құбыжығы.
13 Енесі оның жады сиыр еді.
Бізді аңдап қалысымен, қаршылдатты ол
Азуын, жын шашуы жиіледі.
 16 Ғұлама айтты: «Тағы жындандың ба,
Досымды балап Афин бекзатына,
Оралған кек алуға сұмнан мұнда?
19 Былай тұр, малғұн неме! Мекерлігін
Апаңның білмейді ол; діттегені –
Айғақтау мехнатыңның жетерлігін».
22 Бұқаны қақ маңдайдан балталаса,
Арқанын үзгенімен, ес жия алмай,
Ышқына секірмей ме, жанталаса?
25 Тап солай Минотавр құтырғанда,
Жолбасшым айғайлады: «Зыт төменге!
Долырса ол, бізге қолай құтылғанға».
28 Ылди қуа, басымды ала қаштым;
Жартастар қақ айырылып кетердей-ақ,
Тайсақтай басып келем табан астын.
31 Ойда едім. «Таңдантты ма шаңдақтанып,
Құтқарған құз-қиялар құбыжықтан? –
Деді ұстаз алаңымды аңдап қалып. –
34 Біле жүр, өткен жолы өткенімде
Төменгі Тамұқтағы тылсым түнге,
Бұл тастар кезікпеген өткелімде.
37 Бірақ та, ілкі қатқа тамұқтағы
Келгенде Ол, көкке алынды талай мұңлық
Құрсауын бұзып Диттің, жанып бағы.
 40 Сол мезет тұнжыр дүние дүр еткен-ді;
Ойлап ем: «Махаббатқа бөленді, – деп, –
Дүние, ол күткендей реттелді»;
43 Хаосқа бұрын да Ол айналдырған;
Сол сәтте осы құзар күйреп түсіп,
Зұлматты үйірген-ді сайдан, қырдан.
46 Көз таста: бөктерді ала тақымына,
Ағуда қанды тасқын оттай қарып
Озбырлық танытқанды жақынына».
49 О, ашкөз тойымсыздық, қармаққа іліп,
Аздай-ақ тірліктегі азаптауың,
Қинайсың бақида да зар қақтырып!
52 Алдымда ор жатты иіле доғаланып,
Жазықты қыспаққа ала қаусырмалай,
Серігім сөз еткендей, орап алып;
55 Жөңкіген кентаврлар ор ішінде
Аумайды жер бетінің жыртқышынан,
Шаңдатқан аң қуалай өрісінде.
58 Бізді аңдап, бәрі де қалт тоқтай қалды,
Үшеуі ырши жетіп ор шетіне,
Садаққа жебе салып, оқтай қалды.
61 Үшеудің бірі алға озды нық адымдап,
Тіл қатты: «Сендерге жол сілтеген кім?
Айтпасаң, аяу болмас, қырарым хақ».
 64 Ұстазым айтты: «Менің жауабымды
Естірсің тек Хиронмен тілдескенде.
Елірме, тасқа ұрарсың тауаныңды».
67 Сөз қосты желеңімнен тартып еппен:
«Бұл – Несс қой, Деянира үшін өлген;
Өлсе де, кегі жауын тарпып өткен.
70 Ортада басын төмен иіп тұрған –
Ахиллдің ақылманы, кемел Хирон;
Арғысы – Фол, жолын өрт, күйік қылған.
73 Торулап бұлар осы маңды алыстан,
Жебемен қарсы алады күнәһарды,
Мезгілсіз қалқып шықса қанды ағыстан».
76 Тақалдық жер тарпыған тарпаңдарға;
Түксиген мұртын жығып жебе ұшымен,
Қарады Хирон құлқы шалт аңдарға.
79 Содан соң көнтек аузы ыржиды да,
Сөйледі хайуандарға: «Анау бірі
Жүргенде, тасты қозғай жылжиды ма?
82 Бұл не рух, тасқа табан жабыстырған?..»
Жолбасшым жақын келді кеудесіне
Мергеннің, қос денені қабыстырған.
85 Сөйледі: «Бұл – тәнінде жаны бар жан,
Мен – оның көсемімін түнектегі;
Әкелген оны мұнда анық арман.
 88 Бұл пенде – періште қыз аманаты;
Сол ару келіп, дұғам үзілгенмен,
Күнәм жоқ, мұның да жоқ жаманаты.
91 Қатерлі жолға шықсам – Хақтың ісін
Құптауым; біреуіңді бізге ілестір,
Жол нұсқап, аралатсын қаттың ішін.
94 Өткізсін мына адамды арқаға алып,
Қайнаған қанды ағыстан әрі асырсын;
Адам – ол, ұша алмайды қаңқаланып.
97 Хиронның оң жағына назары ауды;
Бұйырды Несске: «Саған жүктеймін, – деп, –
Жолшыбай қатер төнсе, тазалауды».
100 Қаңқалар қанды ағыста бұрқылдауда;
Жағамен жүріп кеттік; қайнап жатқан
Сүлделер зар илеуде, бір тынбауда.
103 Көрдім мен қастан төмен батқандарды.
Кентавр айтты: «Осылай шыжғырады
Алтынға бола, қаны қатқандарды;
106 Осында – бәрі, даңқын ластағанның;
Ескендір де осында, Дионисий де,
Сицилияны сойқандап, жасқаған мың.
109 Мынауың – қара түгі қабындаған
Әйгілі Адзолино; жанындағы –
Обиццо д’Эсте, ешкімге бағынбаған;
 112 Өз ұлынан мерт болды ол сұм өмірде».
Таңғалған кейпімді аңдап, ұстаз айтты:
«Ол – басшы, мен – қосшымын бұл өңірде».
115 Содан соң сүлделерге жақындадық,
Әрбірі кеңірдектен батып тұрған
Сұйыққа, шыжғырыла зақымданып.
118 Әлдекім қылаңытқан қарсы жақтан;
Несс айтты: «Құдайдан да қорықпай бұл,
Темзаға жүрек қанын тамшылатқан».
121 Ағыстың ылди тұсы – малынғандар
Иықтан, көкіректен, белуардан;
Кезікті көзге таныс шалынғандар.
124 Біртіндеп қанды жылым тайызданып,
Шарпыды ақырында табан астын;
Сол тұстан кесіп өтіп, байыздадық.
127 Кентавр айтты: «Бұл су тартылмайды;
Бұл тұста қайнақ өзен саязданып,
Сәлден соң ағыс қайта қарқындайды.
130 Тасқындап, тұңғиыққа ене, ендейді;
Жан-жақтан құйыла кеп, әміршілер
Зар қаққан маңда қайта тереңдейді.
133 Сол жерде – Көк кәрленіп, қаһар төккен
Қамшысы жер-жаһанның Аттила да,
Пирр мен Секст бар, көзден зәһәр төккен;
 136 Көз жасын жұта-жұта құмыққандар –
Қос Риньер: де’Пацци мен Корнето бар,
Ел тонап, қан төгуге құныққандар».
139 Кенеттен кентавр Несс жымыпты, аңғар...





Пікір жазу