ОН БІРІНШІ ЖЫР
Біз ордың жиегіне жақындадық;
Астында өкшеміздің – үйме жартас
Тепсінер шыңырауға батылданып.
4 Зәһардай сасық иіс қамап алып
Жан-жақтан, жан алқымға тығылған соң,
Қақпағын сағананың паналадық.
7 Қақпақта жазу бар-ды ысқа бөккен:
«Қамаулы мұнда папа Анастасий,
Фотиннің жаңсақ жолын ұстап өткен».
10 «Асықпа бұдан әрі бөктерлеуге;
Иіске ет үйренсе, жеңілірек
Дем тартар күлімсіге бөккен кеуде».
13 Серігім солай деді. «Бағалағын
Әр сәтті», – деген едім, жауап қатты ол:
«Менің де сол еді, – деп, – қалағаным».
16 Ол айтты: «Бұл жартастың іші – құрақ:
Үш қат бар үш баспалдақ сияқтанған,
Бұрынғы көргеніңнен кіші бірақ.
19 Бәрінде қаңқалар бар қарғыс атқан;
Кейіннен тек көз тастап өту үшін,
Біліп ал не боларын арды сатқан.
22 Өтірік – өшпендінің сыралғы әні;
Жаратқан жаратпайтын алдау, зорлық –
Жауыздың жұртқа жұмсар құралдары.
25 Пендеге тән зәлімдік, жымысқылық
Жақпайды Жаратқанға; жазалайды ол
Астында мәңгі азаптың құныстырып.
28 Зорлықпен толған қаттың алғашқысы;
Бөлініп жатады ол үш белдеуге,
Үш саты сияқтанып жалғас тұсы.
31 Зорлықты жасайды адам өздеріне,
Жақын дос, тума-туыс, ағайынға;
Ұғасың, зейін салсаң сөздеріме.
34 Туысқа қиянатын асырғандар;
Өлтіріп, жарақаттап, қыспаққа алып,
Өрт салып, тонап, құтын қашырғандар;
37 Ашумен кісі қанын жүктегендер,
Қандықол қарақшылар, баукеспелер –
Үстіңгі белдеуде азап бүктегендер.
40 Жойғандар өзін және өз игілігін
Тамұқта қиналады, бастан кешіп
Ортаңғы белдеудің бар қиғылығын.
43 Еркімен қош айтқандар тірлігіне,
Ойынпаз, ысырапшыл құмарпаздар
Зар болмақ тірліктегі бір күніне.
46 Күпірлік – Жаратқанды терістеген,
Жақтырмай Құдіретті, нақақ тілдеп,
Жек көре, мәнімен де келіспеген.
49 Сол үшін ақтық белдеу насқа балап,
Отқа орар Каорса мен Содомға ерген
Құдайсыз күпірлерді масқаралап.
52 Алдаудың шырғалаған қармағынан
Құтылмас жайсаң жанды ақкөңіл де,
Зәлім де секемденген бар маңынан.
55 Алданып, махаббаттан жиренгендер –
Алғашқы қаттың болса соңғылары;
Ортаңғы қатта азаппен түйрелгендер:
58 Қаскөйлер, парақорлар, керкеткендер,
Жәдігөй, екіжүзді жарамсақтар,
Жеңгетай, шіркеуді бетперде еткендер.
61 Бірінші белдеуде зар илегендер –
Сенімін қандасының алдағандар,
Қастерлей махаббатты сүймегендер.
64 Ең кіші қат – ғаламның кіндігіндей;
Мұнда Дит мекендейді, ондағылар
Баз кешпек бақида, күн-түнді білмей».
67 Мен айттым: «Ұстаз, анық бағамдадым
Сөзіңнен шыңыраудың көрінісін,
Ұғындым мұнда кімдер қамалғанын.
70 Дегенмен айтшы: лайға жұтылғандар,
Сілбі су, құйын желге тұтылғандар,
Пәршектеп өзін-өзі, құтырғандар
73 Неліктен қызыл кентке қамалмаған?
Ал егер жаратушы кәрленбесе,
Неліктен олар бақыт таба алмаған?»
76 Ол айтты: «Қайда кеткен парасатың?
Осынша мәнсіздікке бой алдырып,
Жөн бар ма ақылыңнан адасатын?
79 Дананың ұмыттың ба ұлағатын
Айтылған «Этикада»; ол бойынша,
Көкке жат үш кемістік сыналатын;
82 Долы ашу, ұстамсыздық, елірмелік
Шендессе құдайға қас күнәлармен,
Кетпей ме салмағы да жеңілденіп?
85 Соны ойла, ескер және дуал сыртын,
Ойыңа ал босағадан аттай алмай,
Сорлаған сұлбалардың қуаң сұрқын.
88 Ұғасың сонда не үшін жіктегенін
Оларды жауыздардан және азабын
Азайтқанда, Хақтың не діттегенін».
91 «Көрместің көзін ашқан жарығым-ай!
Жарқырап сала берді-ау жан сарайым,
Түнекке түсіргендей жарығын ай, –
94 Дедім мен. – Қайта оралып мекеніңе,
Жеткізші жұрттың көзін: өсімқорлық –
Хақ кешпес күнәһарлық екеніне».
97 Ол айтты: «Зейін қойсаң дәрісіне,
Философ қайта-қайта қадай айтып,
Дендейді жаратылыс мәнісіне.
100 Қасиетті өнер мен дана жайлы
Оқысаң «Физикадан», пайымыңды
Алғашқы парақтар-ақ жаңалайды.
103 Бас ие табиғатқа, пенде өнері
Шәкіртше ілеседі қарыс қалмай,
Өнерді Хақ сыйымен тең көреді.
106 Білесің «Жаратылыс кітабынан»:
Құдайдың бұйырғанын адамзатқа
Өнуді, жапырақ жая бұтағынан.
109 Өкініш – өсімқордың адасқаны;
Тәу ете табиғатқа, жүгінбеді ол,
Не оның серігіне жанаспады...
112 Өтіпті-ау талай уақыт бұл арада;
Балықтар шығыс жақтан сәуле шашса,
Каврді бағуда Арба, тұра қала;
115 Ал бізге жету қажет құламаға».