ОНЫНШЫ ЖЫР
Келеміз соқпақ қуып, қабырғалай
Қорғанды, қияметтен көз аштырмас;
Мен – артта, алда – ұстазым сабырға бай.
4 «Кемелім, жол бастаған қаттан қатқа, –
Дедім мен, – жауап берші сауалыма,
Көңілде қалмасын сәл ақтаңдақ та.
7 Өкіріп от ішінде жатқандарға
Бола ма көз салуға? Көрінбейді
Аңқиған көрдің ауызын баққандар да».
10 Ол айтты: «Бәрі мұның жабылады;
Әр әруақ оралған соң Иосафаттан,
Өз тәнін өгейсітпей, жамылады.
13 Құлайтындар мұнда оттың төсегіне –
Эпикур жолын қуып, иланғандар
Жан мен тән бірге мәңгі өшеріне.
16 Кезігіп сауалыңның жауабына,
Тілегің қабыл болып ниеттенген,
Табасың жүрегіңе дауаны да».
19 Мен айттым: «Көсем ойлы ғұлама ақын,
Жаныма жат сөзді де сақтап келем,
Жадымда жүру үшін ұлағатың».
22 «Шарлаған тосканалық от қаласын!
Бет түзе маған қарай, өтінемін,
Жаныма жете бере тоқталасың.
25 Сөзіңе құлақ түрсем, сен де менің
Елімнің перзентісің; бір кездері
Сол елді ықтырам деп сенген едім».
28 Бұл сөздер бұрқағанда кенет көрден,
Тығылдым жолбасшыма есім шыға,
Сол сәтте тек сол жанды медет көргем.
31 Ұстазым айтты: «Неге абыржыдың?
Көргенің – Фарината, белден бергі
Тәнінен сырғыта алған қабір жүгін».
34 Қаңқаға көз қададым, жанып ішім;
Маңдайы мен кеудесін кере ұстап ол,
Жирене шолатындай тамұқ ішін.
37 Жолбасшым оздырды да алға мені,
Өкшелей қуалаған от ішімен:
«Ашық айт, сыр жасырып қалма», – деді.
40 Көргенім – қабір әбден ысталыпты;
Өркеуде қаңқа маған менмен қарап:
«Сен кімнің ұлысың?» – деп сұс танытты.
43 Жазмышым менен гөрі басым келді;
Дәлме-дәл бәрін айттым бүкпентайсыз,
Сол сәтте ол болар-болмас қасын керді.
46 Сөйледі ол: «Дос-туысты үйреткен ем
Сол үйге пәле үйіре шүйілуге;
Өзім де екі мәрте күйреткен ем».
49 «Батса да, – дедім, – бізге тақымдарың,
Жан-жақтан қайта оралдық туған елге;
Ал сенің сорлап қалды жақындарың».
52 Сол сәтте сұлбалардың тағы бірін
Аңдадым; көр сыртына иек іліп,
Ішінде шөкелеуде ол қабірінің.
55 Шұқшия көз қадады, айналамда
Бар-жоғын білмек болып серігімнің;
Үмітін үзіп, көшті байбаламға.
58 Сұрады ол: «Лауласа да жалындап от,
Өткізген екен сені кемеңгерің;
Ал менің ұлым неге жаныңда жоқ?»
61 Мен айттым: «Сенбей елес – дүрмекке кей
Жүргенде, жол нұсқады кемел ойлым;
Гвидоң өтті оны құрметтемей».
64 Ойға алып не болғанын өз жерімде,
Сезіндім кім екенін бұл елестің;
Бүкпесіз, шорт қайырылды сөздерім де.
67 Кенеттен байбайлады ол: «Сен не дедің?
Өтті ме құрметтемей? Енді ол жоқ па?
Көрмей ме тәніне нұр дендегенін?»
70 Сөз шықпай қалың ойдың қалқасынан,
Жауабым сәл кідіріп қалған еді;
Көріне құлап түсті ол шалқасынан.
73 Әлгінде мені өзіне шақырған жан
Паңдана, үн шығармай қалшиып тұр;
Қан-сөлсіз сұры да енді батылданған.
76 Өз ойын сабақтады ол: «Олар үшін
Әлгі өнер ауыр тисе, жалғыз-жарым
Мен үшін тіпті қиын болары шын.
79 Елу рет нұр шашқанша шуақтанып
Жамалы жаһанға өктем патшайымның,
Ұғарсың, кете алмаймын қуаттанып.
82 Барасың елге, өтеді ғайып қайғы!
Айтшы тек, неге мені кешірместен,
Заңдарың масқаралай айыптайды?»
85 Мен айттым: «Күстәналап, кінә жақпа!
Қырғынын Арбияның ұмытпасқа
Күн сайын жығыламыз мінәжатқа».
88 Аһ ұрды, былай деді ол ақырында:
«Мен жалғыз болған жоқпын, қанды ұрысқа
Себеппен шыққан ер де, пақырың да.
91 Хақ еді көгермесі көсегеңнің,
Басына Флоренцияның бұлт төнгенде,
Мен ғана қалқанымды төсегенмін».
94 «Бақытқа кенелсе етті нәсілдерің! –
Дедім мен. – Бұғауыңнан босат енді
Булыққан ақылымның асыл демін.
97 Байқаймын, сендер үшін күмән емес
Алдағы заманалар құпиясы,
Алайда қазіргі күн – тұман, елес».
100 «Бізге анық көрінеді қиырдағы, –
Деді ол. – Көре аламыз тек алысты;
Сол ғана – бізге Хақтан бұйырғаны.
103 Жақынға, қазіргіге алаңдаймыз
Ой жетпей; өзгелердің айтуынша,
Тірлікті пәнидегі бағамдаймыз.
106 Өзің де қанығарсың оған әлі;
Есігі келешектің жабылғанда,
Біздің де біліміміз жоғалады».
109 Өкініш уы тұна өзегімде:
«Жеткізші сұлап түскен бейшараға, –
Дедім мен, – баласы аман, өз елінде.
112 Сөзімнен шошымасын текке менің,
Ақылым енді жеткен жәйт жайында
Бірер сәт күмәнданып кеткен едім...»
115 Жолбасшым әлсін-әлсін үн қатады;
Сұлбадан сұрап қалдым сөз соңында
Кімдердің бар екенін мұнда тағы.
118 Ол айтты: «Жатыр ғой, – деп, – талай жаның;
Федерик Екінші де осы ұрада,
Осында кардинал да; абайлағын».
121 Дем сәтте ғайып болды ол; беттедім мен
Данагөй ақыныма; қамкөңілмін,
Іздеген жауабыма жеткеніммен.
124 Жол тарттық; жығыла ұстаз ауаныма,
Сұрады: «Себебі не секеміңнің?»
Мен де оның жауап бердім сауалына.
127 «Жадыңа тұт жазмышты, бас қамына
Қамықпа! – деп бұйырды абзал ақын. –
Әйткенмен, білгенің жөн басқаны да:
130 Тағдырың аясына ілінеді
Ғажайып нұр сәулелі жанарлардың;
Келешек жолың да алдан білінеді».
133 Бұрылып солға ұстазым, қиыс кетті
Дуалдан; қат ішінде жайпақ ылди
Жалғасты жартастарға мүйіс текті;
136 Ол жақтан қолқа жара, иіс тепті.