ТОҒЫЗЫНШЫ ЖЫР
Көз салып секем тұнған сүреңіме,
Серігім жалт бұрыла, оқыс сергіп,
Дем сәтте қан жүгіртті сұр өңіне.
4 Тыңдады ол, сыр бермей көзқарасынан;
Жанарын ала қашып әуреленді
Күлімсі иіс, борсыған сыз арасынан.
7 Ол айтты: «Күмәнсіз-ау жеңеріміз...
Сертінен таймасы хақ жақтаушымыз!..
Қайда екен құдіретті ереніміз?!.»
10 Сезіндім: сөзі сенім байлатпайды,
Шашырап айтқандары әр тарапқа,
Біріне бірі ұстатпай, тайғақтайды.
13 Ширыға, намысымды шабақтадым;
Қабарған қабағына қарай тұрып,
Үзілген ішкі ойымды сабақтадым.
16 «Төмендеп мына қасірет қуысына,
Алғашқы қаттан бізге ол түсер ме екен,
Қарматпай үмітті ажал уысына?»
19 Осыны сұрап ем, ол былай деді:
«Мен жүрген соқпақтармен бұған дейін
Тек бірер елес өткен сыңайлы еді.
22 Бір кезде мен бұл тұстан өткен едім;
Тәнге жан енгізе алар Эрихтоның
Басымнан өткерген ем өткелегін.
25 Тәнімнің тұл қалғанын ұқтырған соң,
Тірілгем осы дуал ішінде мен,
Иуда шегіндегі тұтқыннан соң.
28 Ол түнек тым қашықта, тұңғиықта
Аядан дүниені шырқ үйірген;
Жол табам; бата берме мұңлы ұйыққа.
31 Қойнауды қоңырсыған ойпаңдағы
Қоршаған қасіретті дуал – осы;
Ішінде кәрленеді сойқандары...»
34 Есте жоқ, – болды сөздің түйіні не;
Қадалды қайғы тұнған қос жанарым
Алқызыл мұнараның биігіне.
37 Сол тұстан ұшып шықты қырға атыла
Жалаңдай қан аңсаған үш Фурия,
Жап-жасыл аждаһамен шырматыла.
40 Ұқсаттым әйелдерге өңі, реңін;
Алайда, шаш орнына жылан өсіп,
Жайлапты самайының төңірегін.
43 Жолбасшым танып түнгі малайларын
Бақилық зарға билік етушінің,
Тіл қатты: «Эриниядан абайлағын.
46 Анаусы Тисифона – ортадағы;
Мегера – сол жақтағы, ал оң жақта –
Алекто, көзінен у, сор тамады».
49 Тәніне қадады олар тырнақтарын,
Ащы айғай шыңырауды тітіретті;
Ығына ұстазымның сырғақтадым.
52 «Медуза, тас қыл оны! Қайдасың?!» – деп,
Ышқына айғайласып, даурықты олар:
«Тезейдің текке кештік айласын!» – деп.
55 «Көзің жұм, теріс қара; қарымына
Іліксең Горгонаның, сені ешкім
Қайтара алмас күннің жарығына», –
58 Деп ұстаз, өз қолымен бұрды мені;
Көзімді қымтай жапты алақаны,
Бетіме ізгі жанның ұрды демі.
61 Ақылға кенендерім, асылдарым!
Аңдарсың қай-қайсың да бұл өлеңнің
Қандай сыр астарына жасырғанын!
64 Осы сәт лай үстіне лай қабаттап,
Гуілдей долырған үн жарып өткен,
Қос жаға тітіркенді шайқалақтап.
67 Жан біткен жапырылды қоғалардай;
Кектене елеуресе мына құйын,
Ну орман жып-жылмағай жоғалардай.
70 Күйретті бұталарды, талқандады;
Бората шаң-тозаңды, зулады жел,
Хайуан да, бақташы да жалтаңдады.
73 Босатып көзімді ұстаз: «Ұста, – деді, –
Жадыңа қарақошқыл түтіндерді;
Бағзының көбігі осы тұста», – деді.
76 Жыланды аңдап қалса, жанұшыра,
Бақалар тырбаң-тырбаң жүгірмей ме
Батпаққа, бой тасалар қамысына.
79 Дәл солай, қуып тобын елестердің
Біреу жүр; Стиксте адымдайды ол
Үстінде жүргендей-ақ белестердің.
82 Түтіннің сейілмей тұр қарамы әлі,
Ұмтылған түйдектеле сол жағынан;
Оның да сол сияқты бар алаңы.
85 Аспанның елшісі еді ол; жанаспастан,
Қарадым жолбасшыма; белгі берді ол
Тәу ете жығылуға, жақ ашпастан.
88 О, қалай тітіретті ол бұл түнекті!
Асасын бұрған сәтте қақпа жаққа,
Ашылды қақпа, дұшпан бұлтың етті.
91 «Ей, көктен қуылғандар нәлеттеніп! –
Кәрлене күркіреді ол, – Көзіңді шел
Басқан ба, жінігердей әлектеніп?
94 Не керек көктегімен шарпысқаның?
Қаласа ол, жол ашады жолсыздан да,
Азаптан арылмассың тартысқаның.
97 Елемес ол есердің ешбір үнін;
Ұмытпа, әлі күнге Церберіңнің
Жүргенін сұры кірмей кеспірінің».
100 Қайтадан кері қайтты ол лайды басып,
Салмады бізге тіпті көз қырын да,
Жүргендей қайғысына қайғы ұласып.
103 Құдірет медет берсе, дәт қалар ма?!
Киелі сөздерінен қуат алып,
Бет бұрдық біз де енді қақпаларға.
106 Ішке ендік, ешкім жоқ жау қарасынан;
Іздедім азапталған күнәһарды
Қамалдың кертештері арасынан.
109 Тімтіне көз жүгірте, дендеп келем;
Көргенім – қаңыраған қуыс қана,
Қасірет ауасымен мелдектеген.
112 Арльдей – Рона суы иектеген,
Поладай – Карнароның толқындары
Италия қақпаларын жиектеген;
115 Мұнда да көз тұнады молалардан;
Шерлене зар илеген үн шығады
Жазықты жайлап алған обалардан.
118 Ор сайын от жалынын шалқытуда;
Шыжғыра қуырады от желкөріктей
Құмартқан сом темірді балқытуға.
121 Ауызы ашық көрден шыққан мүрделердің
Шерлі үні айғақтауда шұңқырларда
Жатқанын аласталған сүлделердің.
124 Сұрадым ұстазымнан: «Жерленбестен,
Жатқан кім ашық-шашық көр ішінде,
Ауаны күлімсітіп, жерге енбестен?»
127 «Күпірлер, – деді ол, – хақпен жағаласқан;
Жалыны шыжғыруда жәһаннамның, –
Өтеуі сол тірліктің қара басқан.
130 Бұларда тамтық қалмас жел үкпеген,
Бездірер от күпір ой – желікпеден...» –
Оң жаққа бұрылды ұстаз, еріп келем,
133 Мехнатты мұнарадан жеріп келем.