ТӨРТІНШІ ЖЫР
Ұйқыда жатқанымда басып кіріп,
Кенеттен селт оятты ызғырған үн,
Әлдекім оятқандай асықтырып.
4 Көз сала төңірекке, сұғындым кеп;
Қалт тұрып, қараңғыға қадаламын
Тауқімет патшалығын ұғынғым кеп.
7 Алдымда – құрдым, сонда – мұқым қайғы;
Үрейлі үңгір ауызын гуілдете,
Күңгір үн сыртқа лықси лықылдайды.
10 Шаңдауыт мұнар басқан тұңғиыққа
Үңіле иілгенім бос әуре еді,
Жанарым ене алмады мұңлы ұйыққа.
13 «Ал енді әз дүниеге төмендейін, –
Осы сөз шықты ақыннан өңі қашқан, –
Мен – алда, сен жүресің менен кейін».
16 Мен айттым, көз салдым да сүрейіне:
«Мен қалай алға аттармын, көсем досым
Жол берсе бойындағы үрейіне?»
19 «Аяймын бергі қаттың тұтқындарын, –
Деді ол, – сол сезім ғой бетке шапқан.
Аяуды қорқыныш деп ұқтың, жаным.
22 Жүрелік, сапар ұзақ». Бастады ақын.
Жол нұсқай төмендеді, мен де түстім
Алғашқы қатқа, құрдым басталатын.
25 Түнектен жылап-сықтау естімегем;
Тек қана күрсіну бар толас таппай,
Бақидың шерлі ауасын кескілеген.
28 Қат екен қасіретке құмартпаған;
Қамалған сияқтанды мұнда ылғи
Бөбектер, әйел, ерлер күнә артпаған.
31 Жолбасшым: «Сұрамайсың неге, – деді, –
Бұл жерде қандай рухтар жиылғанын?
Білген жөн, жолыңды екшеп, елегелі.
34 Бұл жерде күнәһар жоқ; еңбегіңнен
Ештеңе өнбейді екен, таңдамасаң
Хақ дінді, жаратқанға сенгеніңмен.
37 Пенделер христиандыққа дейін
Құдайды тиісінше танымаған.
Біреуі – менмін, аңғалдыққа бейім.
40 Басқа емес, дәл сол үшін айыптымыз;
Құдірет кесім ете, ұйғарған соң,
Үмітсіз торығуға лайықтымыз».
43 Күйіндім, жаныма уайым батқандықтан,
Осынша абзал ерлер жазықсыздан
Лимбіде азап шегіп жатқандықтан.
46 «Айтшы, ұстаз, парасаттым, әмірші ерім, –
Сұрадым мен көңілге қондырғым кеп
Жалғаннан аулақ тұрар кәміл сенім, –
49 Жан бар ма тапқан нұрлы тұрақтарын,
Ақталып өзі, яки өзге жақтап?»
Түсінді ол да алғаусыз сұрақ мәнін.
52 Ол жауап қатты: «Мен де енді келдім.
Мен тірі кезде мұнда Әмірші енген,
Шаттана жеңісіне ендігі елдің.
55 Танитын ол алғашқы атаны да,
Бейкүнә Әбіл мен Нұқ пайғамбарды;
Қанық-тын Мұсаның да атағына;
58 Дәріптеп Давид, Авраам – салмақтыны,
Израиль мен әкесін, балаларын,
Білетін Рахильдейін ардақтыны;
61 Көбісін білді ол қазір көктегінің.
Ал оған дейін ешкім құтылмаған
Азабынан тауқімет бөктерінің».
64 Сөзді үзбей, жалғастырдық жолымызды.
Қалыспай қаумалаған қаңқа рухтар
Орайды оңымыз бен солымызды.
67 Маңайдан, әлгінде өзім ұйықтаған,
От көрдім, қараңғыны қақ айыра,
Түнектің жарты жолын тұйықтаған.
70 От – сәуле бізден алыс жанғанымен,
Сол тұста ақ ниетті абзал жандар
Топтаса жиылғанын аңғарып ем.
73 «Өнер мен білімдегі дара тұлғам,
Бұлар кім, айтшы, – дедім, – өзгелерден
Құрметке лайықтала жаратылған?»
76 Ол айтты: «Бұлар – даңқы шартарапты
Жаулаған аты әйгілі жандар еді;
Аспан да тауқіметтен қалқалапты».
79 «Қадірлей қарсы алыңдар ақындарды! –
Деген сөз жарқын үнмен саңқылдады. –
Жарыққа елестері жақын қалды».
82 Үн тынды; көрдім – бізге бағыт бұра,
Төрт сұлба келе жатыр маңғаз басып,
Ұқсамай азап шеккен қамыттыға.
85 «Көріп қал, – деді ұстазым көшелі ойлы, –
Қолына семсер ұстай, артқы үшеуге
Жол ашқан нұрлы жанды, көсем ойлы.
88 Ол – Гомер, асқар шыңы ақындықтың;
Одан соң тілі уытты Гораций мен
Овидий, Лукан – үні батылдықтың.
91 Бәріміз даңқ таптық ақындықтан,
Әлгінде түнек түре жаңғырыққан;
Әлбетте, құрметтейді ақынды ұққан».
94 Ұлылар кезіккені анық маған,
Жырлары жер-жаһанды тәу еткізе,
Биікте қыран құстай қалықтаған.
97 Көзіктік; тұрған едім рай баға,
Өздері жыршылардың жақындады;
Ұстазым күлімдеді шырайлана.
100 Қошемет құшағына ене бердім,
Қосылып қатарына даналардың,
Болғанда алтыншысы кемел ердің.
103 Сөйлесе, сәулелерге бағыт алдық;
Сол сәттің қайталанбас ғанибетін
Ғибратты әңгімемен таныта алдық.
106 Өр қамал алдымыздан өңмеңдеді;
Қоршаған оны жеті дуал сыртын
Айнала айна бұлақ көлбеңдеді.
109 Бұлақты кесіп өтіп құм кешкендей,
Жетінші қақпаны ашып, ішке енгенде
Көкшалғын көрдік көкпен үндескендей.
112 Қауым жүр, шуақ тұнып маңдайына,
Парасат ұялаған жанарына,
Әуезді үн қонақтаған таңдайына.
115 Төбеге өрледік біз қасындағы;
Өктемсіп алаңқайға, астамсиды ол,
Кеуделей көкшалғынды басынғалы.
118 Жайқалған көкшалғында көлеңдеген
Ерлердің елестерін көргенімде,
Шаттана, қуанышқа бөленген ем.
121 Топ бастап Электра, тоғысты лек,
Гектор мен Эней жүрді арасында,
Жыртқышкөз Цезарь жүрді соғыс тілеп.
124 Пентесилея әмірші қараңдайды,
Камилла, Лавина жүр әкесімен,
Алғашқы консул Брут алаңдайды.
127 Аңғардым Цезарь қызын, Гракхтардың
Анасын, Катон жарын; Коллатиннің
Зайыбын көрген сәтте жылап та алдым.
130 Алыстан Саладин де қылаңытқан;
Көрінді қия тұстан ұлы ұстаз да
Тобында даналардың сыр ағытқан.
133 Сократ Платонға жақын отыр,
Ғаламды кездейсоқтық жемісі деп
Таныған, таңырқатқан ақыл отыр.
136 Осында – әйгілі ойшыл Демокрит,
Фалес пен Анаксагор, Диоген де,
Зенон мен Эмпедокл, Гераклит.
139 Осында – Диоскорид дәрігер де,
Сенека, Орфей мен Лин, Туллий тұрды
Даңқты емшіден сәл әрі жерде.
142 Эвклид, Птолемеймен араласып
Тұр Гален, Гиппократ, ибн Сина;
Осында – Аверроэс жаңаға асық.
145 Шарт болмас бәрін тізу ерендердің;
Алғашқы қатты аралап өткен тұста
Тарады алтылығы кемелдердің.
148 Алтаудан екеуіміз ғана қалып,
Мүлгіген тыныштықты артқа тастай,
Қапалы қаттың жолын жағаладық;
151 Шошытты мені, түнек қамап алып.