ЕКІНШІ ЖЫР
Күн батты, қара аспанның қапырығы
Жаулады жан-жәндікті ұйқысымен;
Мен ғана – бұйырмаған шатыр ығы.
4 Қамдандым тайталасқа алдан күткен,
Бұл сында қатер, қайғы аз емес-ті; –
Еске алсам астастырмай жалғандықпен.
7 О, Муза, қолда, мендік мұңды ұғына!
Дегдар ой, парасаттың нұрын түсір
Мен айтпақ әңгіменің шындығына!
10 Мен былай бастаған ем: «Көсем ақын!
Бойымнан табылар ма қуатты күш
Пақырдан батырлыққа көше алатын?
13 Сөз еттің сен Сильвийдің бабасы да
Бұғауын тән – дененің сыпырмай-ақ,
Кіргенін ажалсыздар арасына.
16 «Күнәнің бәрін жеңген» аталатын
Оң пейіл танытса оған, елеген ғой
Ол ердің дәріп-даңқын, атақ-атын.
19 Ол адам құрметтелсе, лайық еді;
Сәулелі, ізгі аспанда таңдалған ол
Кейіннен Римнің даңқын жайып еді.
22 Ал уақыт жеткен шақта қырағы ер де
Бұл дүние кие тұтқан тақты ұсынды
Әулие Петрге тән мұрагерге.
25 Өзің жыр еткендей, ол жалғастырды
Өз жолын жеңістерге; ал папаның
Таяғы бар билікті алмастырды.
28 Одан соң онда Сауыт таңдалған-ды;
Сол шақта өзгелердің сенімі артты,
Өйткені құтқарар жол аңдалған-ды.
31 Мен кіммін? Кім еді үлгім бас иетін?
Киелі Павел, Эней емеспін мен,
Бойымда жоқ қой ерек қасиетім.
34 Егер мен еліне енсем елестердің,
Қорқамын, ессіз тірлік болар ма деп.
Ақылшым, көріпкелім, кеңес бергін».
37 Айырыла ерік-жігер тізгінінен,
Көңілді күпті еткен күмәнға ере,
Шатастым, көрмей жаны ізгіні мен.
40 Шыға алмай түнек қонған жарқабақтан,
Тайсақтай, қайта-қайта айни бердім
Ойымнан, болмашы үміт қармалатқан.
43 «Үмітті хаққа бала, қайғыңды емес,
Бой берме жан жегісі – күмәнді ойға, –
Үн қатты маған қарап айбынды елес. –
46 Ақылға қол артпаса мынау ғалам,
Селтие сілейерміз хайуанға ұқсай,
Қорқыныш қол-аяғын бұғаулаған.
49 Сейілту үшін сенің секеміңді,
Мен қалай білгенімді сөз етейін
Бейілге лайықты жан екеніңді.
52 Топта едім, – жайсаң, жауыз араласқан, –
Құтқарды абзал ару; уәде еттім
Мен де оған, ықты-жарға қарамастан.
55 Жұлдыздай жарық шаша көздерінен,
Асықпай жеткізді ару әңгімесін,
Періште лебі есіле сөздерінен:
58 «Ізгі жан, мантуялық алмас ақын!
Даңқың бар дүниені тәу еткізе,
Мәңгілік бақытыңа жалғасатын!
61 Жете алмай бақытының ұшпағына,
Адасып жолдан, үміт үзген досым
Қамалып тұр үрейдің қыспағына.
61 Осындай хабар жетті жаңа мұнда;
Қол ұшын бере алмасам дер кезінде,
Қалмай ма ол мехнаттың қамағында?!.
67 Бар да оған, сыйла сөздің шуақтысын,
Шығаршы шырмауынан шырғалаңның,
Менің де қайта оралсын қуат-күшім.
70 Мен едім Беатриче шапағатты,
Бұл жерге жаным сүйген нұрлы өлкеден
Ардақтай жеткен едім махаббатты.
73 Сан мәрте маған іңкәр асқақ тектің
Қаныққан мән-жайына жаратқан да...»
Үндемей қалды ару; сөз бастап кеттім:
76 «Сездірмей ажалды жан кемістігін,
Асырдың бар жандыдан, – мекен еткен
Көктегі кіші күмбез кеңістігін.
79 Сенікі – маған тәннің барлығы да;
Жарасам қызметіңе, қуанамын,
Құмбылмын қай кезде де жарлығыңа.
82 Барар жер – елес көшкен көр, деміккен;
Енсең де оған, қалай оралмақсың
Өзіңнің алқабыңа өрге біткен?»
85 «Бәрін де білгің келсе нақпа-нақтап,
Айтайын, – болды арудан қайтқан жауап. –
Жұға алмас, жұғысқанмен хаққа батпақ.
88 Қорқатын нәрсе біреу, ол – қауіптің
Досыңа төнер сәтін аңдамауың;
Қалғаны – тамғанындай қолға уыттың.
91 Патшасы бұл ғаламның жақтас маған,
Сондықтан мехнатың да қаймықтырмас,
Толассыз от-жалын да батпас маған.
94 Шапағат шашқан әйел аспандағы
Тауқімет тартқан жанға ара түсіп,
Илікті төреші де асқан бағы.
97 Содан соң Лючияға қайырылды:
– Адалың шырмалыпты зұлымдыққа,
Жанына дарыт, – деді, – қайырымды.
100 Лючия сөз арнады маған қарай,
Қасымда бағзы Рахиль отыр еді:
– Дарысын Жаратқаннан саған да арай!
103 Медет бер, Беатриче, именбеген
Адамға; сені құлай сүйгендіктен,
Қол үзген күйкі өмірден күйбеңдеген.
106 Әлде оның жалынышын ұқпадың ба?
Әлде оның көрмедің бе өр тасқынмен
Таласып, тайталасып, ыққанын да? –
109 Жан жоқ-ау безе қашқан қайғы-зардан
Дәл мендей, шаттығымен қауышқалы;
Бұл сөздер – жүректегі байғыз – арман.
112 Мен келдім, артта қалды жұмақ елі,
Сөзіңе жүрекжарды сенгендіктен;
Ол сөздер – кім-кімге де сынақ еді».
115 Айтқанда мұны, ару жасып тұрды,
Көкке қол созды, көзден жас сорғалай,
Мені де алыс жолға асықтырды.
118 Бағынып оған, дереу жолға шықтым;
Құтқардым сені аңдардан жол торыған,
Қорғады сені үміті сол ғашықтың.
121 Ал сен ше? Әлі шошып тұрғандайсың?
Неліктен күмілжисің кібіртіктей?
Неліктен батылдана нұрланбайсың?
124 Үш әйел тұрған сәтте тілеу тілеп,
Аспаннан аялы сөз айтылғанда,
Жолыңды неге тұрсың кіреукілеп?»
127 Түз гүлі түнгі аязға бас ұрмай ма;
Күн шыға, нұрлы сәуле дарығанда,
Қайтадан басын тіктей, ашылмай ма?
130 Дәл солай, мен де қайта қайраттана,
Үрейді ығыстырдым жүрегімнен,
Тіл қаттым батылдана, айбаттана:
133 «Ұмытпан әзиз жанның демегенін!
Сол жанның жүрек сырын кәміл ұққан
Ұлы ақын, сен де қандай кемел едің!
136 Сөзіңнен жан-жүрегім шуақтана,
Құштарлық қайта оянды алға аттауға,
Жігерім бұлқынуда қуаттана.
139 Баста алға, мен өзіңе берем ерік,
Ұстазым, жолбастаушым, көсем ойлым!» –
Дедім мен; тұрмады ол да шегеленіп.
142 Меңіреу құз ішінде келем еріп.