БІРІНШІ ЖЫР
Жарты өмір өткен тұста түртінекпен,
Тап болдым қара орманға тұнжыраған,
Хақ жолды таба алмастан түн – түнектен.
4 Қара орман болмағандай бекер елес...
...Мүлгіген орман көрдей үрейлі еді,
Жадымнан сол қорқыныш кетер емес!
7 Бақидан тыныс тартқан аяндайын,
Тылсыммен құндақтайтын сезім еді ол;
Неге олай? Не көрген ем? – Баяндайын.
10 Тап болдым қалай мұнда, түсінбедім;
Хақ жолдан жаңылдыра жадылаған
Алдамшы, аяр елес ішінде едім.
13 Қиылды жол обаның бөктерінен,
Жиылды ен жазықтың етегі де,
Жүрегім бүрісті үрей өкпегінен.
16 Көтердім кірпігімді, анық көрдім
Сәулені, дүниеге жол нұсқаған;
Сипаған тау иығын жарық көрдім.
19 Сол сәтте кеудем еркін тыныстады,
Түнектің шырмауында шырғаланған
Жанымнан қорқыныш та жылыстады.
22 Қарманып, жағалауда сытылып қап,
Жылымның құрығынан шыққан пенде
Толқынға қарамай ма жыпылықтап?..
25 Менің де жаным солай дірдек қаға,
Артына қайырылды, жолды шола.
Жол жатты, ажал лебін үрлеп қана.
28 Бірер сәт жан рахатын сезді денем;
Сол тыныс күш дарытты өрлегенде,
Табанға, жердің төсін езгілеген.
31 Қияда, – жаннан безген ғана шығар, –
Сілейдім, ұшырасып сілеусінге,
Аш құрсақ, өлі жүні – ала-шұбар.
34 Жол бөгеп, ол алдымнан қиялады;
«Қатерлі сапарымнан кері қайтсам?..» –
Деген ой көңіліме ұялады.
37 Таң бозы. Көрінбейді күн әлі де...
Көңілге үміт септі жұлдызды аспан,
Білмейтін қайғыны да, күнәні де.
40 Жақтасқан жан беріс пен жан алыста
Құдірет қолдауына үміт арта,
Тыйылды атқақтаудан қан – ағыс та.
43 Сытылдым сілеусіннен қасарысқан;
Кенеттен, алдымды орай күдірейді
Жалынан жалын шашқан аш арыстан.
46 Оқталды, тура маған атылардай.
Ақырды, қаһарынан ауа тұнды.
Тойынбақ, олжасынан қапы қалмай.
49 Қасында қаншық қасқыр жалаңдайды;
Аңғардым ашкөздігін қан аңсаған,
Көңілге кірді біраз алаң – қайғы.
52 Зілмауыр салмақ – үрей жаныштады,
Қызылкөз қан тілене қадалғанда,
Биікке жетпек үміт алыстады.
55 Сараңдай, – көзі тоймай қарманатын,
Зәуде бір шығын шығар уақыт жетсе,
Шырқырап шыбын жаны, зар қағатын, –
55 Зар қақтым мен де ажал қыстағанда;
Қандыкөз қаншық қасқыр ығыстыра,
Қамады мені көрдей қысталаңға.
61 Құладым қу далаға түнек көшкен;
Көрінді әлдебіреу, қажулы өңі,
Үмітсіз, көңілінен тілек те өшкен.
64 Айналам шөл болмаса, ықтар ма едім,
Кім білсін? Ал сол сәтте жалбарына:
«Әруақ бол, тірі адам бол, құтқар!» – дедім.
67 Ол айтты: «Адам болғам, жол ұстағам;
Нәсілім таралатын ломбардтардан,
Ал олар Мантуяны қоныстаған.
70 Sub Julio кезеңінен кенже қалып,
Римде Август саясында ғұмыр кештім;
Ол тұста Ерден күткен ел жаңалық.
73 Сауықшыл ақын едім, жыр ұстаған;
Өмірім бітті Анхиздің ұлына ұқсай,
Өрт құшқан Троядан жылыстаған.
76 Байландың сен неге артқы азабыңа?
Шуақты шыңға талпын, өрле биік,
Кез болғың келсе дүние ғажабына».
79 «Вергилий, бұл сенбісің? Асыл кие –
Өлеңнен дүниеге сәуле шашқан? –
Дедім мен именшектей, басымды ие. –
82 Жердегі бар ақынның шамшырағы –
Өзіңсің; еңбегімді еле менің,
Жәрдем ет, санам ойдан сансырады!
85 Ұстазсың, үлгің ойда тұнып қалған;
Өзіңнен маған жеткен өлмес мұра –
Ғажап сөз, бар ғаламда ұлықталған.
88 Құтқаршы жыртқыш аңның тырнағынан!
Жол тапқыш ерім, қолың созшы маған,
Жаңылды-ау тамырда қан ырғағынан!»
91 «Алдыңда жаңа жол бар, айырылма, –
Деді ол, қалшыл қаққан маған қарап, –
Жабайы қолатыңа қайырылма;
94 Бұл қаншық талайларды өлімші еткен,
Биікке талпынғанды жаналқымдап,
Жолынан қия асырмай, өлім сепкен;
97 Бұл жауыз – дүниенің қанды ауызы,
Жүретін, қашан көрсең, ашкөзденіп;
Тоймайды ештеңеге жалмауызы.
100 Кез келген мақлұқатпен ұйығады,
Былғайды көпті; бірақ қаны таза
Төбетке тап келсе, бұл тыйылады.
103 Қызықпай ол құмыңа, сары асылға,
Дәріптер ар-намыс пен даналықты
Киіз бен кемел киіз арасында.
106 Болады ол қалқаны да, қорғаны Елдің –
Камилла қорғап өткен Италияның,
Эвриал, Турн, Нис мерт болған елдің.
109 Ол төнсе, қаншықтан күш ғайып болар;
Індете қуылған соң Тамұғына,
Желіккен күншіл жыртқыш майып болар.
112 Айтарым: Көрсең мені жолдастайын,
Маған ер; бақилықтың мекеніне
Мен сені жеткізейін, жол бастайын.
115 Көресің сонда мехнат қақпанында
Азаптан көз ашпаған әруақтардың
Жаңа өлім тілеп, табыт қаққанын да;
118 Көресің жандарды алыс торығудан;
Тұрса да от ішінде, үміттенген
Бақилық қуанышқа жолығудан.
121 Баураса өрге тартқан жырақтағы із,
Ұғарсың үн қатты деп періште рух;
Сол тұста қоштасамыз бірақ та біз;
124 Қонақжай құз патшасы шаһарына
Жау санап мені, қадам бастырмайды
Қосылған адамды да қатарыма.
127 Дүние патшасының қаласы да,
Тағы да, елі сонда; пейілденсе ол,
Ашылар айбынының панасы да!»
130 «О, данам! – Сөз боп шықты мұңым бұққан, –
Жалынам Хақ атымен, қол ұшын бер,
Құтылайын өлім мен зұлымдықтан.
133 Көрсетші жолды өзің баяндаған,
Көрсетші нұрлы Петр қақпасы мен
Бейбақтарды, мейірім таянбаған».
136 Қозғалды ол, мен де ілесе аяңдағам.