АЙТАР МЕЗЕТ
Айтар мезет келмеді ме, келді ме –
Көкіректі шырмап алған шер, міне!
«Оң іс» қылып, орыс қылып жібердік
Мағжан, Сəбит, Ғабит туған жерді де.
Басымызды айналдырып «мұнар бақ»,
Ұқпай қалдық жатыр кімді кім алдап.
Тілімізді «Елім-айлап» жыр жазған
Мақұл көрдік алғанға да шұбарлап.
Дəлелдеп көр кедей тіл ме, бай тіл ме?
Айырмаймыз оразаң не, айтың не...
Атасы мен немересі білмейді
Ұғысарын, шығасарын қай тілде.
Бағдарымызды айқындамай анық біз
Басқалардан «озып» жүрер халықпыз.
Орысшаны шаң қаптырып, шашалтып
Аз-ақ жылда «ағылшын» боп алыппыз.
Қарап тұрсам азды-көпті ойға сап,
Санамыздың саңлауына бойласақ,
Мыңжылдықтар тоғысында ат қойып,
Қатар шыққан талайларға мат қойып...
Басқа тілде мəз-мейрам боп жатырмыз
Алты алашқа ат шаптырып, той жасап!
Еркің білсін, түсін, мейлі, түсінбе,
Мақтанамыз ашық-тесік мүсінге.
Көре берер бəрін-бəрін көз арсыз,
Тере берер, айта берер сөз арсыз,
Сен үндеме, “бас сынса – бөрік ішінде”,
Тегін деме, қол сынса – жең ішінде.
Талайлар жүр – кере қарыс, шот маңдай,
Илеп жатыр, билеп жатыр тоқталмай.
Барын, бəрін жарқыратып, жайнатып,
Жанарыңа қарып-басқан оттарды-ай!
Ортаймайтын қазынамыз көп қандай!!!
Қазақстан – ғажапстан, қай стан?
Шыдамы – көн, терісі – сірі қайыстан.
Жатса-дағы табандарда тапталып,
Қыңқ демейтін, мыңқ демейтін меңіреу,
Қара НАРДАЙ қабырғасы қайысқан.
Қазақстан – ғажапстан, бақстан,
Батыспен де, Шығыспен де табысқан.
Аспанынан шұға жауып жатқандай
Құдалары келгенге «аңсап» алыстан,
Басы айналып кетпей ме екен табыстан?
Көп болғандай бергенінен алғаны,
Таңдап тапқан тұмарындай таңбалы,
Жазатайым ұмытса да АЛЛАНЫ,
Айналдырар айқайымен кəлланы
Ұмытпайды жас байы мен Алланы.
Қазақстан – ғажапстан, бақстан,
Астанада тұғыр биік, бағы ұшқан,
Жемге ұмтылар кілең қарға сауысқан,
Өз өрісін шоқып, теріп тауысқан,
Содан, содан бізге қарап ауысқан...
Бағыттары бізге қарай ауысқан,
«Сағынысқан», құшақ жайып қауышқан.
Өмір қайдам, көңіл содан шерменде,
Қайтер екен қайтар кезі келгенде
Көкіп, шоқып жемімізді тауысқан?!.