28.08.2022
  102


Автор: Есләм Зікібаев

Көңіл, көңіл... бірде пəс, бірде биік...

Көңіл, көңіл... бірде пəс, бірде биік,
Қайғы-шеріңді айтасың кімге күйіп.
Ішің жамау, сыртың сау, сыр алдырмай,
Көрінсем деп ойлайсың күнде биік.
Алмағайып тірлігің де ала-құла,
Жүдеп жүрсең қарайды ел қабағыңа.
Өзіңді өзің емес, жұрт біледі,
Алдау қиын басқа емес, баланы да.
Көңіл, көңіл... көзіме қара мына –
Үңілгендей боласың жан, арыма.
Көз жанарым – көңілдің шар айнасы,
Білгің келсе, қарай ғой жанарыма.
Қызықсам да мансапқа, шекпен, шенге –
Сырт айналып біреуге кектенсем де,
Айна-көзім бірін де жасырмайды
Ит етіндей жиреніп, жек көрсем де!
Көңіл бəрі, бəрі де көңілімде,
Шаша берем сыр қылып оны кімге?
Көңілімнен қақпалап қала алмадым
Жақсы, жаман... не болса да өмірімде...





Пікір жазу