АЛАБҮЛІК
Алабүлік –
Кіріп кеткен қандендей араға үріп.
Қайтарғанда уытын бір бүліктің,
Тағы да ойлап табады жаңа бүлік.
Ел кезіп қала көрді, дала көрді,
Тиімді ме өзіне, бала болды.
Ірімін деп дүрдиді інілерге,
Ұлымын деп соқтықты ағаға енді.
– Абайлаңдар, өзімін жырдағы оттың,
Мен неге анда жоқпын, мында жоқпын?
Бір тұтқасын биліктің бермесеңдер,
Ақберен, атылғалы тұрған оқпын.
Ығыс былай, жолымды бер, қарағым,
Өлеңдегі данасы ең дананың
Абай да емес, берісі Қасым да емес,
Менмін жалғыз, біліңдер, мен ғанамын!
Деді, деді, көпіріп, деді, деді...
Дей бергенге кейде жұрт елігеді.
Мінез ғой «ақындыққа жарасатын» –
Көп тобыр танымаған не біледі?
Жиын сайын үреймен, үркітумен,
Үркіткені кем соқпай іркітіңнен,
Кейде тағы сипалап түлкі тілмен,
Қояды арбап бір жалын, бір түтінмен.
Солай, солай таланттың таласында
Жүр біреулер, сөзіме нанасың ба?
Ірткі болып, кей-кейде ішірткі боп,
Қарттық пенен жастықтың арасында.