28.08.2022
  90


Автор: Есләм Зікібаев

БƏРІ ЖАЛҒАН

Бəрі жалған,
Дүниеде бəрі жалған...
Жалған əлем қамалап жалығар жан.
Алтын, күміс, ақыққа... бөлесе де,
Бір пендені көрмедім жаны қалған.
Бəрі жалған,
Дүниеде бəрі жалған...
Жалғандығын не пайда танығаннан.
Тағдырдан тұлпар мініп қашқанда да,
Бір пендені көрмедім жаны қалған.
Бəрі жалған,
Дүниеде бəрі жалған...
Күн сайын күткенменен таңың алдан,
Қу түлкідей құйрығын ұстатпайды
Бұлдырап бұлаң қаққан сағым-арман.
Бұлдырап бұлаң қаққан сағым-арман –
Бір қыр ассаң шығады тағы да алдан.
Алдамшы бұл тірліктің бар тылсымы,
Қысқасы,
Дүниенің бəрі жалған!





Пікір жазу