28.08.2022
143
Береке кеткен төрімнен кім не табады...
Береке кеткен төрімнен кім не табады,
Мереке кеткен өңірде не құн қалады?
Аңызғақ ұрып, тартылса теңіз табаны,
Өзегің өрт боп,
Жаныңды дерт кеп шабады.
Талғам-талшыққа жеткендей жаңа зарығып,
Бір үзім нанға қалғандай қарап бар үміт,
Өлі сезіммен, бөрі сезіммен шабылып
Тажалдай тарпып, ажалдай қарпып, тарынып...
Қызғанышпенен қарарсың бəрі-бəріне,
Ұмытып мынау тірліктің мақсат-мəні не.
Хайуан-сезім қарамай қауқар-əліне
Ашқарақ көздер оянып кетер əлі де.
Құлардай болып шыңнан да, биік құздан да,
Көңілің қалып қыздан да, тіпті ұлдан да,
Жүресің кейде симастай болып бұл маңға.
Қайшылық деген қалмайды бізден бəрібір
Жер мен Көк жəне адамдар аман тұрғанда.