КӨҢІЛ ДЕГЕН...
Көңіл деген немене,
Көңіл деген?
Теңеу таппай келемін көңілге мен.
Білетінім, бір тіні өмірменен,
Бал шырыны шайқалып төгілмеген,
Ал өмірдің қисапсыз қайшылығы
Шыға берсін ойыңнан қайсы бірі –
Содан шығар, бір сəтке мұқап қалып,
Жұтап барып қайтадан көңілденем.
Біреуге разы, біреуге наразымын,
Қайдан білем бəрінің ара жігін.
Қисапсыз қайшылықтар жайшылықта
Таусылмайтын менің де нала жырым.
Жақсылық пен жамандық қалтылдатып,
Бірде ысытып бойымды, салқындатып...
Тең басып екі басын таразының,
Тынымсыз тұр бебеулеп безек қағып
Сүйір тіл көрсеткішке кезек барып...
Осындай алмағайып арпалыста
Көміліп қай жағада қалады ізім?
Боран соғып, өрекпіп дауыл ұрып,
Меңіреу дала тасы да, тауы да ұлып...
Дірдектейді сөнердей лағыл үміт,
Қара түндей қатыгез қара түнек
Табиғаттың өзін де көрсеткендей
Түйсігі оянбаған тағы қылып.
Көңіл де кіл осындай алмағайып,
Бар болса – жоқ, жоқ болса – барға лайық.
Ор тұрса да қарамай жүгіреді
Жас балаша құшағын таңға жайып.
Көңіл деген немене, көңіл деген?
Теңеу таппай келемін көңілге мен...