28.08.2022
133
СЫНАМА
Алдым да жар,
Артым да жар, құлама...
Шешінген жан судан қорқып тұра ма?
Бəрін өзің менен артық білесің,
Біле тұрып, отқа салып сынама.
Өзің болып бақыт дейтін құс күнде,
Жүр айналып қақ төбемнің үстінде.
Сол құсымды қондыра алмай қолыма –
Тағдыр құрған қыл тұзаққа түстім бе?
Тіршіліктің бізге ұсынар «сыйы» мың...
Көрдің бе енді «сыйының» сол сиығын.
Таусылмайтын тарам-тарам жолдардың
Алдыма əкеп тартады ылғи тұйығын.
Арманым ең көңілімнен күй ұққан,
Керек кезде өз қанымнан құйып қан
бере аламын,
Таң жұлдызым өзің боп,
Шығарып ал тірелгенде тұйықтан.
Өзің болып кезігердей алдан бақ,
Адамға айтпай жүрдім іштей армандап.
Тағы, міне, тағдырыма қол создым,
Суға кетер бейбақтайын тал қармап.
Алдым да жар,
Артым да жар, құлама...
Көре тұрып, біле тұрып сынама!