КӨҢІЛІМ ДЕ БҰЛЫҢҒЫР
Күн бұлыңғыр, көңілім де бұлыңғыр,
Айығатын кезі бар ма мұның бір.
Айығатын кезі болса, айықтыр –
Ал болмаса біржолата түңілдір.
Үйде отырсам, үйге сыймай қиналам
Түзге шықсам, күңіренеді күй-далам.
Онсыз-дағы қою бұлтты қойылтып,
Жан жарамды қайта қозғап қинаған.
Бір-біріне бағын, тағын... қимаған,
Көп қошқардың басы бірге сыймаған,
Айқайы көп, айтары жоқ, өтірік –
Кіл өтірік, қайсысына иланам.
Қайсы сөздің ұрғашысы, еркегі,
«Мың бір түннен» тыңдағандай ертегі,
Көз ұйқыға талып барып кетеді,
Бүгінінен бұлыңғырлау ертеңі.
Бүгінінен бұлыңғырлау ертеңі,
Бағытынан қалды айырылып ел тегі.
Зар ілініп домбыраның шегіне,
Қорқыт-қобыз аза күйін шертеді.
Көңілім де, өмірім де бұлыңғыр,
Айығатын кезі бар ма мұның бір,
Айығатын кезі бар ма мұның бір –
Егіледі Асан қайғы-жырым кіл,
Күн бұлыңғыр, көңілім де бұлыңғыр!..