28.08.2022
  128


Автор: Есләм Зікібаев

КӨҢІЛІМ – СЫНЫҚ АРБА

Көңілім – құрау, сұрау, сынық арба,
жер басып сау жүрген жан мұны ұғар ма,
Артыңда қалған күндер – көзден ғайып,
тосып тұр тағы қандай ғұмыр алда.
Кей-кейде миға шауып, қан дігерлеп,
өзіңді өзің алдардай қалды ма ермек.
Жүрер жолың – құз, қия асуы көп
бара жатқан секілді алдың өр боп.
Бара жатқан секілді алдың өр боп,
жүректі қыжылдатар қайғы-кермек.
Суға кетер адамдай малтығасың
тірі жүріп оңай ма жанды бермек.
Жазықта өскен қазақ ем күнде гүлдеп,
өр, биік, тау... дегенді білмедім көп.
Есігі еркін ашық жүрегіндей
жатсынбайтын кім кетіп, кім келді деп.
Шаршап кейде тұрсам да түннен жүдеп,
сыр бермеуші ең кім кетті, кім келді деп.
Сен де қажып қалдың ба шыныменен
арпалысқа бой бермей жүрген жүрек?
Бəрі қалды дейін бе, бəрі қалды,
көргем талай ашынып арығанды.
Дімкəс жүрек сəл жүрсем деміктіріп
сыйлас, қимас жекжаттай жанына алды,
білмеймін, тірліктің не сəні қалды.
Хал үстінде тəрік қып бəрін, бəрін
көріп келем бейбақтың жан ұрғанын.
Көз алдында дөңгелеп күллі дүние
тəңірінен тілейді ар-иманын.
Өтті өмірден алдамшы, талғамсыз күн,
көбі еріді көңілде қалған сыздың.
Еліме мен ризамын, ұмыттырмас...
артымда ұрпағым бар – АРМАНСЫЗБЫН!





Пікір жазу