28.08.2022
  115


Автор: Есләм Зікібаев

ТҰТЫЛҒАН ТҰТҚЫНЫМЫН

Мен кіммін, ағайындар, кіммін осы,
Көретіндей бірді қас, бірді досы.
Туған жерді пір тұтқан құр пендемін
Дүниенің дейтіндей кіндігі осы.
Жүрген жанмын бірді – іні, бірді аға ғып,
Жігерімді суарып, шыңдап алып.
Шаң жұқтырмас шашама шабандозын
Асылдардың бір сөзі – мың қаралық.
Өмірім – нəр еленіп, еленбеген,
Көңілім бар əрнеге елеңдеген.
Əр қазақ мені бірдей көре алмайды,
Мен қазаққа бірдеймін дегенменен.
Абай емен, Мағжан, не Қасым емен,
Олай асып-тасардай тасыр емен,
Білетінім – əйтеуір мен де ақынмын,
Жəне олардың соңы да, басы да емен.
Ақындардың соңы да, басы да емен,
Қайдан, қашан келерін басыма өлең
Айта алмаймын, айтарым – өлгенде де
Ой-арнама сыя алмай, тасып өлем.
Қарапайым қазақтың ақынымын,
Өзім деген пенденің жақынымын,
Айналам аман болса, мен де аманмын
Айбынданып шығатын батыл үнім.
Өзегім – өрт, жыр берген өр кеудеме,
Қуат кеміп, оты өшіп сөнген деме,
Ақынды Алла жаратқан жасын қылып,
Ұшқын атып жататын өлгенде де,
Сақ болыңдар, ағайын, көмгенде де!
Ақынмын, туа біткен дертім өлең,
Тұтқынымын тұтылған еркіменен,
Қас қылғандай, есті алып мас қылғанда
Кезім жоқ өлеңге өліп-елтімеген,
Жан алып, жан берісер шақ туса да
Семсердей сермеп өлер сертім ӨЛЕҢ!





Пікір жазу